Бүгін аудан әкімдігінде мемлекеттік қызметшілер арасында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атты пікірсайыс турнирінің аудандық кезеңінің екінші туры өтті.

Пікірсайыстың бірінші турының қорытындысы бойынша екінші кезеңге «Айбар», «Серпін», «Болашақ» және «Дәлел» командалары жолдама алып, өзара бақ сынады.

Пікірсайыстың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің сыни ойлау қабілетін, өз ойын нақты әрі дәлелді жеткізу дағдысын, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін және командалық жұмысын дамыту. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтегі әдеп пен адамгершілік құндылықтарды насихаттау.

Екінші тур барысында қатысушыларға мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласына қатысты екі өзекті сұрақ қойылды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қай шараларын неғұрлым тиімді деп санайсыз: заңдар мен нормативтік реттеу тетіктерін күшейту ме, әлде адамгершілік тәрбиесіне басымдық беру ме?»

«Мемлекеттік қызметшінің әрекеті азаматтың мәселесін жедел шешуге немесе өзге де негізді себептерге бағытталған болса, оны жіберген бұзушылығы үшін жауапкершілікке тарту қажет пе?»

Сайыс барысында командалар өз ұстанымдарын нақты дәлелдермен қорғап, қарсы тараптың пікірлеріне жауап берді. Қатысушылардың логикалық ойлауы, дәлел келтіруі, сөйлеу мәдениеті, пікірталас жүргізу шеберлігі және командалық жұмысы бағаланды.

Пікірсайысқа төрелік еткен қазылар алқасының төрайымы – аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімінің басшысы Анар Джақсыбековна. Қазылар алқасының мүшелері – Ақпараттық қауіпсіздік, мемлекеттік қызмет көрсету және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бөлімшесінің басшысы Арман Үркембаев және Мемлекеттік құқықтық бөлімшесінің басшысы Нұрлан Жайшыбеков.

Пікірсайыстың модераторы – персоналды басқару бөлімшесінің бас инспекторы Нуримбетова Мая Омаровна.
Таймкипер – мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің бас инспекторы Байназарова Гульбану Турганбековна.

Пікірсайыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар анықталып, грамоталармен марапатталды.

1-орын – «Серпін» командасы

2-орын – «Болашақ» командасы

3-орын – «Дәлел» командасы

Сонымен қатар пікірсайыс барысында белсенділік танытқан «Айбар» командасы арнайы марапатқа ие болды.

Пікірсайыс мемлекеттік қызметшілердің білімін жетілдіріп, өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауына, өз ойын еркін жеткізуіне және шешендік қабілетін дамытуына мүмкіндік берді.