
Қарттар күніне орай Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровтың тапсырмасымен ардагерлерге мереке сыйлап, игі іс жасауға бағытталған ерекше бастама ұйымдастырылды.
Осыған орай ПД бастығының орынбасары Ғалымжан Қуашбаев, ІІО және ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев бастаған полиция қызметкерлері ішкі істер органдарының ардагерлері Әбіләкім Еспенбетов, Журсинай Аликулова және Бабахан Убайдуллаевтың шаңырағына арнайы барып, жағдайларын білді.
Полиция полковнигі Ғалымжан Қуашбаев ардагерлерге жүрекжарды тілегін білдіріп, департамент бастығының атынан құттықтау хаттарын табыстап, сый-сияпат пен гүл шоқтарын ұсынды.
«Үлкенді сыйлау халқымыздың ежелден келе жатқан асыл дәстүрі. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбектеріңіз біз үшін әрдайым үлгі. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз!», – деді полиция полковнигі Ғ.Қуашбаев.
Іс-шараның тағы бір тағылымды тұсы Түркістан қаласындағы «Жас сақшы» сыныбының оқушылары ардагерлерге өздерінің жылы лебіздерін жеткізді. Ал полиция қызметкерлері мерекеге арнап ән шырқап, күй орындап, қарттарымызға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сондай-ақ ізгі шараның жалғасы ретінде Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері ардагерлердің ауласын тазалап, абаттандыру жұмыстарына қолғабыс етті. Бұл мерекелік құттықтаумен ғана шектелмей, ардагерлерге нақты көмек көрсетуге бағытталған бастама.
Түркістан полицейлері үшін ардагерлерге құрмет көрсету – бір күндік шара емес. Бұл – қызмет жолын аға буыннан үйреніп, олардың өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызды дәстүрі.









