
Қазақстан түркі мемлекеттерінің медициналық ұйымдарының цифрлық мүмкіндіктерін біріктіріп, азаматтардың шетелде мамандандырылған медициналық көмек алуын жеңілдетуді ұсынды. Бастама медициналық туризмнің бірыңғай платформасын құруды, медициналық деректермен қауіпсіз алмасуды дамытуды және жасанды интеллектіні бірлесіп енгізуді көздейді.
Бұл ұсынысты ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Бішкек қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымы денсаулық сақтау министрлерінің алтыншы кездесуінде айтты.
Бірыңғай цифрлық платформа ТМҰ елдеріндегі жетекші клиникалар, мамандар, емдеу бағыттары және қолжетімді медициналық қызметтер туралы ақпаратты біріктіреді деп жоспарлануда.
Перспективада пациенттер платформаны медициналық ұйымды таңдау, алдын ала консультация алу, шетелде емделуді ұйымдастыру және кейінгі медициналық сүйемелдеу үшін пайдалана алады.
Ынтымақтастықтың жеке бағыты мемлекеттердің арасында медициналық деректермен қауіпсіз алмасу тәсілдерін әзірлеу болады. Бұл өз елінен тыс жерде медициналық көмекке жүгінетін пациенттердің денсаулық жағдайы туралы қажетті ақпаратқа дәрігерлердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте дербес деректерді қорғау талаптары сақталатын болады.
Қазақстанда медициналық ақпаратты біріктіретін және азаматтардың денсаулық жағдайының цифрлық бейінін қалыптастыруға негіз болатын Медициналық деректердің бірыңғай қоймасы іске қосылды.
«Біз үшін басты бағдар енгізілген технологиялардың саны емес, олардың пациент үшін практикалық маңызы – медициналық көмектің уақтылығы, қолжетімділігі және сапасы болып қала береді», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Қазақстанның тағы бір бастамасы – отандық жасанды интеллект негізіндегі медициналық шешімдерді бірлесіп сынақтан өткізу және кейіннен тиімділігі жоғары технологияларды ТМҰ елдерінде енгізу мүмкіндігі.
Қазақстанда инсультті ерте диагностикалауға арналған Cerebra AI және стоматологиялық кескіндерді талдауға арналған AIDENTIS отандық әзірлемелері қазірдің өзінде қолданылуда.
Сонымен қатар өкпе және сүт безі обырын ерте анықтауға, көру ағзаларының ауруларын диагностикалауға және дәрігерлердің жұмысын қолдауға арналған жасанды интеллект шешімдері енгізіліп, пилоттық режимде сынақтан өткізілуде.
Қазақстан санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды цифрландыру, оның ішінде қауіптерді мониторингілеу және болжау үшін цифрлық құралдарды пайдалану тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін білдірді.
Сонымен бірге министр медициналық алгоритмдерді клиникалық бағалаудың, деректер қауіпсіздігінің және жаңа технологияларды қолдану этикасының бірыңғай тәсілдерін әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Ұсынылған бастамалар түркі мемлекеттері азаматтарының заманауи медициналық технологияларға қолжетімділігін кеңейтуге және денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.








