
Шардара ауданының Көксу ауылындағы мәдениет үйі толық күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жаңғыртылды.
Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен «Мәдени даму алаңы» жобасы аясында жүзеге асырылды. Жоба шеңберінде мәдениет үйі қажетті материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, шығармашылықпен айналысуға арналған жаңа кеңістіктер жасақталды.
Жаңартылған мәдениет үйінің жұмысымен танысуға «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрайымы Ләззат Алтынбекқызы Шыңғысбаева бастаған делегация мүшелері келіп, ауыл тұрғындарымен жүздесті.
Көксу ауылында 8 366 адам тұрады. Мәдениет үйінің қызметін Көксумен қатар Жоласар, Баспанды және Айдарқұл қашары елді мекендерінің тұрғындары да пайдаланады.
1978 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мәдениет үйінің жалпы алаңы – 8 536,13 шаршы метр. Акт залы 150 орынға арналған. Мекемеде 17 қызметкер еңбек етеді, оның 9-ы – шығармашылық персонал.
Қазіргі таңда мәдениет үйінде 9 бағыт бойынша үйірмелер мен ансамбльдер жұмыс істейді. Оларға 149 адам қамтылған. Сонымен қатар мәдениет үйінің базасында Көксу ауылдық кітапханасы орналасқан. Кітапхана қорында 14 мың дана әдебиет бар, тұрақты оқырмандар саны – 750 адам.
Жобаны әзірлеу барысында ауыл тұрғындарының ұсыныстары ескеріліп, шығармашылық және мәдени қызметтің 5 негізгі бағыты бойынша жаңа кеңістіктер қарастырылды. Жоба аясында жалпы аумағы 1 799,58 шаршы метрді құрайтын 5 шығармашылық кеңістік ашылды.
Жаңа кеңістіктер балалар мен жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, үйірмелердің жұмысын кеңейтуге, мәдени іс-шаралардың ауқымын арттыруға және тұрғындардың өнер бағытындағы бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Жаңғыртылған мәдениет үйі пайдалануға берілді. Бүгінде ол Көксу және оған іргелес елді мекендер тұрғындарының мәдени-рухани қажеттіліктерін өтеуге, шығармашылықпен айналысуына және қоғамдық-мәдени бастамаларын дамытуына қолайлы орта қалыптастырып отыр.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі








