ҚАРИЯСЫ БАР ЕЛ – ҚАЗЫНАЛЫ ЕЛ

    ҚАРИЯСЫ БАР ЕЛ – ҚАЗЫНАЛЫ ЕЛ
    Шардара ауданында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай ардагерлер мен қазыналы қарияларға арналған мерекелік іс-шара өтті.
    Тағылымды шараға Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы, аудандық мәслихат төрағасы Муталиев Бұлтбай Лесбекұлы, Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті Шардара аудандық бөлімшесінің бастығы Айткулов Нұрсұлтан Мейіржанұлы қатысты.
    Мерекелік шараның алғашқы құттықтау сөзін аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев алып, барша ардагерлер мен ақ жаулықты әжелерді, елге еңбегі сіңген аға буын өкілдерін Халықаралық қарттар күнімен құттықтады.
    Аудан әкімі өз сөзінде аға буынның елдің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі айрықша екенін атап өтіп, бүгінгі ұрпақ үшін олардың өмір жолы мен өнегесі үлкен тәрбие мектебі екенін жеткізді. Қарияларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық пен береке тіледі.
    Іс-шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Лесбекұлы Муталиев те ақжарма тілегін білдіріп, әрбір ардагердің құрметке лайық екенін атап өтті. Ол аға буынның елдік мүдде жолындағы еңбегі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесі қашанда жоғары бағаланатынын жеткізді.
    Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков сөз алып, «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген халық даналығын тілге тиек етті. Ол үлкенді сыйлау, олардың ақыл-кеңесін тыңдау – халқымыздың ежелден келе жатқан асыл дәстүрі екенін айтып, барша қарияларды мерекемен құттықтады.
    – Қария – елдің ақылшысы, отбасының берекесі, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін алтын діңгек. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз бен өмірлік тәжірибелеріңіз – кейінгі буын үшін баға жетпес мұра. Әр шаңырақта үлкендеріміздің мерейі үстем болып, дендеріңізге саулық, көңілдеріңізге қуаныш тілейміз, – деді Тоқсанбай Бердібеков.
    Мерекелік жиында ардагерлерге деген құрмет көрсетіліп, ізгі тілектер айтылды. Аға буын өкілдеріне аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде де ой-пікірлер айтылды.
    Қариясын қадірлеген елдің ырысы артып, берекесі тасиды. Ұрпақтар сабақтастығын жалғап, жастарға өнеге көрсетіп отырған ардагерлердің еңбегі әрдайым ел назарында.
    Барша аудан қарияларына мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық, береке-бірлік тілейміз! Мерейлеріңіз үстем, абыройларыңыз асқақ болсын!
    Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шардара ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары