
Түркістан облысының әкімі Көшеров Нұралхан Оралбайұлының елді мекендерді көгалдандыру және аудан аумақтарында тұқымбақтар құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өткен жылы Шардара қаласында тұқымбақ құрылып, күту баптау жұмыстары жүйелі жұмыстар басталды.
Күз мезгілінде тұқымбақ аумағына қараағаш, шаған, үйеңкі, арша, емен және қарағай ағаштарының тұқымдары себілді.
Бүгінде егілген тұқымдар өніп, жас көшеттер бой көтеруде. Бұл – ауданның жасыл қорын қалыптастыруға және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Алдағы уақытта тұқымбақта өсірілген көшеттерді Шардара қаласы мен аудан аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына пайдалану жоспарлануда.
Тұқымбақтың құрылуы жергілікті климатқа бейімделген сапалы көшеттер қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде елді мекендердің жасыл желегін тұрақты түрде толықтырып, көгалдандыру жұмыстарының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, бұл бастама қоршаған ортаның табиғи тепе-теңдігін сақтауға, елді мекендердің сәулеттік көркін арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы экологиялық орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі болып табылады.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасын табады.
Әрбір отырғызылған тал – туған жерге жасалған игі іс, болашақ ұрпаққа қалдырылған табиғи мұра. Сондықтан жас көшеттерді күтіп-баптау, сақтау және көгалдандыру ісіне жауапкершілікпен қарау – баршамызға ортақ міндет.
Шардара – жасыл әрі жайлы мекенге бірге айналсын!
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.









