
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Темір ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, тиісті кезеңде аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен баяндады.
Кездесу барысында аудан басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, құрылыс, инфрақұрылым, ауыз су, жол жөндеу, газдандыру және абаттандыру бағыттарында жүзеге асқан жұмыстарды атап өтті.
Кездесуде Темір ауыл округіндегі өзекті мәселелер мен елді мекендерді дамыту бағытындағы жұмыстар да сөз болды. Атап айтқанда, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, абаттандыру, балалар ойын алаңшаларын салу және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны айтылды.
Жалпы ауыл округінде Б.Момышұлы көшесінен М.Батырбеков көшесіне дейінгі аралықта көше жарықтандыру желілерінің құрылысы жүргізіліп, саябақ, стадион және аллея аумағындағы жарықшамдар жаңартылды. Сонымен бірге, ішкі көшелер мен полигон аумағында санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты ұйымдастырылды.
Жиында тұрғындар тарапынан ауыл ішіндегі жол сапасы, көше жарығы, ауыз су және әлеуметтік нысандарға қатысты ұсыныс-пікірлер айтылып, аудан әкімі көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Кездесуден кейін аудан әкімі ардагер ұстаз Шарипа Спақызының үйіне барып, Қарттар күні мерекесімен құттықтады. Ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек етіп, шәкірттерді тәрбиелеуге еселі үлес қосқан ардагердің иығына кестелі орамал жауып, құрмет көрсетті. Шарипа Спақызы аудандағы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, трактор жүргізген алғашқы әйел. Жастайынан еңбекке араласқан қарт ана қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, халықтың қолдауымен депутат болып сайланған. Бүгінде немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған қарт ана көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.








