
Алматы облысында Президенттік олимпиаданың бірінші кезеңі өтуде
Алматы облысында жаратылыстану-математика циклы пәндері бойынша Президенттік олимпиаданың бірінші (іріктеу) кезеңі басталды.
Биыл облыстағы зияткерлік додаға 673 оқушы қатысуда. Олар математика, физика, химия және информатика пәндері бойынша білімдері мен қабілеттерін сынайды.
Президенттік олимпиаданың негізгі мақсаты – дарынды және қабілетті оқушыларды анықтау, олардың пәндік білім деңгейін саралау, логикалық ойлау қабілеті мен ғылыми-зияткерлік әлеуетін дамыту.
Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша 20 оқушы екінші кезеңге іріктеледі.
Президенттік олимпиада оқушылардың білімін жетілдірумен қатар, олардың ғылыми-зерттеу бағытындағы қызығушылығын арттыруға, зияткерлік қабілеттерін дамытуға және республикалық деңгейдегі білім додаларына дайындалуына мүмкіндік береді.
Алматы облысында дарынды балаларды анықтау және қолдау, олардың зияткерлік әлеуетін дамыту, сондай-ақ республикалық және халықаралық олимпиадаларға сапалы дайындау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Айта кетейік, Президенттік олимпиада – жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша білім алушылардың қабілетін анықтауға және олардың ғылыми-зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған республикалық деңгейдегі зияткерлік жарыстардың бірі.







