Қазақстан Халық кеңесі: халық пен билік арасындағы жаңа диалог алаңы

    Қазақстан Халық кеңесі: халық пен билік арасындағы жаңа диалог алаңы

    Өскеменде«Қазақстан Халық кеңесі – халық пен билік арасындағы ұлттық диалог алаңы» атты кездесу өтті. Жиынға университет студенттері, ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени бірлестіктер мен қала белсенділері қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – жаңадан құрылған «Қазақстан Халық кеңесінің» міндеттері мен жұмыс тәртібін түсіндіру, оның азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтудағы рөлін талқылау.

    Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев өз сөзінде Қазақстандағы қоғамдық-саяси жаңғыру үдерістеріне тоқталып, жаңа институттың конституциялық мәртебесіне назар аударды.

    «Мұндай институттың құрылуы мемлекетіміздің қоғам мен мемлекет, өңірлер мен орталық, сондай-ақ әртүрлі кәсіби және әлеуметтік топтар арасында ашық әрі мазмұнды диалог жүргізуге арналған тұрақты алаң қалыптастыруға ұмтылысын көрсетеді», - деді облыс әкімінің орынбасары.

    Оның айтуынша, кеңес құрамына әртүрлі әлеуметтік және кәсіби орта өкілдерінің енуі өңірлердегі мәселелерді республикалық деңгейде талқылауға мүмкіндік береді.

    «Бұл еліміздің әр өңірі тұрғындарының пікірін ескеруге және халықты жергілікті жерде тікелей толғандыратын мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді», - дейді Айдар Серқазыұлы.

    Айдар Садырбаев өңірдегі қоғамдық келісім институттарының жұмысына да тоқталды. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 8 Достық үйі, 74 этномәдени бірлестік, 114 аналар кеңесі, 115 ақсақалдар кеңесі және 8 медиация орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар журналистер, меценаттар, жас ғалымдар клубтары мен «Ассамблея жастары» жастар қозғалысы қызмет етеді.

    Облыс әкімінің орынбасары бұл құрылымдарды қоғамдық диалогты дамытуға ықпал ететін маңызды ресурс ретінде атап өтті.

    Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Денис Рыпаковтың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысынан кеңес құрамына үш адам енген. Ел көлемінде 126 мүшеден тұратын жаңа институт қоғам мен билік арасындағы тұрақты диалог алаңына айналуы тиіс.

    «Қазақстан Халық кеңесі – Мемлекет басшысы құрған жаңа алаң, жаңа институт. Ол халық пен атқарушы билік арасындағы диалогты қамтамасыз етуге арналған», - дейді Денис Сергеевич.

    Оның сөзінше, кеңес жұмысы барысында тұрғындарды толғандыратын мәселелер көтеріліп, оларды шешуге бағытталған ұсыныстар мен заңнамалық бастамалар тиісті деңгейде жеткізіледі. Бұл ретте жаңа институт Құрылтайдың орнын алмастырмай, онымен қатар жұмыс істеуге бағытталған.

    «Біз Құрылтайға бәсекелес болмаймыз, керісінше бірге, біртұтас бағытта жұмыс істеп, шын мәнінде бар мәселелерді шешуге күш саламыз», - дейді кеңес мүшесі.

    Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Вера Правдина кездесудің түсіндіру сипатында өткенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа институттың жұмысымен қатар, азаматтардың өз ұсыныстары мен талаптарын мемлекеттік органдарға жеткізу тетіктерін түсіндіру де маңызды.

    «Қазақстан Халық кеңесі – халықтың еркі мен мұң-мұқтажын мемлекеттік органдарға, Парламентке жеткізетін байланыстырушы буын»,- дейді Вера Николаевна.

    Правдинаның пікірінше, қоғамда жаңа институттың құрылуына байланысты түрлі сұрақтардың туындауы заңды. Сондықтан алғашқы кездесулердің бірі студенттермен, этномәдени бірлестіктермен және қала активімен ұйымдастырылып, кеңестің алдағы жұмысы туралы ашық әңгімеге арналды.

    Кездесу барысында студенттер мен қатысушылар Қазақстан Халық кеңесінің қызметі, оның қоғаммен байланысы және азаматтардың ұсыныстарын мемлекеттік деңгейде қарау мүмкіндіктері жөнінде сұрақтар қойды. Жиын соңында спикерлер қатысушыларды мазалаған сұрақтарға жауап берді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы" жаңалықтары