ШҚО-да алғаш рет құсбегіліктен Азия кубогі өтеді

    ШҚО-да алғаш рет құсбегіліктен Азия кубогі өтеді

    Аймақта ұлттық құсбегілік өнерін дәріптейтін «Шығыс Салбурыны – 2026» ашық I Азия кубогіне дайындық жалғасып жатыр. Дода 8-10 қазанда Ұлан ауданында ұйымдастырылады.

    Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

    Биыл жаңа мәртебе алған фестиваль ҚР Туризм және спорт министрлігінің 2026 жылға арналған ауқымды шаралар күнтізбесіне енгізілген.

    Фестивальдің тарихы 2020 жылдан басталады. Алғашқы турнир 2021 жылы Ұлан ауданының Бозанбай ауылында «Қансонар» бүркітшілер турнирі ретінде ұйымдастырылды. 2022 жылдан бері ол «Шығыс Салбурыны» атауымен халықаралық деңгейде өткізіліп келеді.

    Биыл Қазақстан, Ресей, Венгрия, Испания, Грузия, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркиядан 150-ге жуық құсбегі қатысады деп жоспарланған.

    8 қазанда қатысушыларды қарсы алу мен тіркеу, этноауылды орналастыру, мандат комиссиясының отырысы және жеребе тарту көзделген. 9 қазанда салтанатты ашылу рәсімі өтіп, іріктеу мен жартылай финалдық сайыстар басталады. 10 қазан финалдық бәсекелерге, ұлттық спорт түрлерінен сындарға, жабылу рәсімі мен жеңімпаздарды марапаттауға арналады.

    Кубок бағдарламасына бүркіт, қаршыға, сұңқар және ителгімен өтетін құсбегілік сайыстары енгізілген. Бұдан бөлек, тазы жарысы, асау үйрету, жамбы ату, теңге ілу, арқан тартыс, таяқ тарту және «Толағай» жарыстары қарастырылған. Ұлттық спорттың осы түрлерінде 50-ден астам адам бақ сынайды деп күтіледі.

    Қонақтар мен қатысушыларға ұлттық қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, этнографиялық бағдарлама және өнерпаздардың концерті ұсынылады. Ұйымдастырушылардың дерегінше, еліміздің әр өңірі мен шетелден 12 мыңға жуық көрермен және турист келмек.

    Фестиваль аумағында 47 киіз үйден тұратын этноауыл құрылады. Облыстың қалалары мен аудандары этномәдени нақышта безендірілген екі киіз үйден орналастырады. Баспасөз орталығына жеке киіз үй бөлініп, интернет желісі тартылады.

    Қатысушылар мен меймандар үшін 10 глэмпинг алаңы әзірленеді. Қолөнершілерге 24, тамақтану орындарына 4 шатыр орнатылады. Бес алтыбақан қойылып, келушілерге атпен серуендеуге жағдай жасалады.

    Қазір шетелдік қатысушылар мен төрешілердің ұшып келуі және орналасуы нақтыланып жатыр. Мәдениет басқармасымен бірлесіп ашылу мен жабылу рәсімдерінің сценарийі әзірленуде. Бұдан бөлек, танымал өнерпаздар мен блогерлерді шақыру, автосалондардың қатысуымен көліктерді сынап көру және автокөлік көрмесін өткізу мәселелері қарастырылып отыр.

    Келушілерді тамақтандыруға Ұлан ауданының кәсіпкерлері мен қаладағы қоғамдық тамақтану орындары тартылады. Мәзірге ұлттық және заманауи тағамдар, жеңіл ас, нан-тоқаш өнімдері, сусындар мен шай енгізіледі.

    Қатысушылар мен қонақтардың қауіпсіздігіне баса мән беріліп, дода өтетін аумақта барлық қажетті шаралар қабылданады.

    Алғашқы Азия кубогі қазақтың құсбегілік дәстүрін кеңінен танытып, ұлттық спорттың дамуына серпін беруге, халықаралық мәдени-спорттық байланысты нығайтуға және Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.

    Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары