
2026 жылғы 30 қыркүйекте Көкшетауда «Көппәтерлі тұрғын үйлерді энергия тиімді басқару» тақырыбында өңірлік дөңгелек үстел өтті. Мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ), пәтер иелерінің кооперативтері (ПИК), басқарушы ұйымдардың өкілдері, тұрғындар және өзге де мүдделі тараптар энергия ресурстарын тұтынуды азайту және ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру мүмкіндіктерін талқылады.
Іс-шара «Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ) қолдауымен іске асырып жатқан ақпараттық науқан аясында өтті. Науқан халықтың тұрғын үй секторындағы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі хабардарлығын арттыруға бағытталған.
Негізгі назар көппәтерлі тұрғын үйлерді пайдалану және жөндеу кезінде қолдануға болатын практикалық шешімдерге аударылды. Күн тәртібінде тұрғын үй секторына инвестиция тарту және коммуналдық шығындарды азайтуға арналған инженерлік шешімдерді енгізу мәселелері қаралды.
«СПК KOKSHE» АҚ, «Кокше МЖД» ЖШС және «Kokshetau Engineering» ЖШС өкілдері аталған міндеттерді шешу тәсілдерін таныстырды. «Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ өкілі Батыржан Сейткамал энергия үнемдеу туралы баяндама жасап, көппәтерлі тұрғын үйлерде энергия ресурстарын ұтымды пайдаланудың практикалық шараларына назар аударды.
Дөңгелек үстел соңында қатысушылар ұсынылған шешімдерді Көкшетау қаласының көппәтерлі тұрғын үйлерінде қолдану мүмкіндіктерін талқылап, ғимараттарды күнделікті пайдалану және жөндеу жұмыстарын жоспарлау кезінде энергия үнемдеу шараларын енгізу жөнінде пікір алмасты. Ашық диалог тұрғындар мен басқарушы ұйымдардың өкілдеріне энергия ресурстарын ұтымды пайдалану шараларын іс жүзінде қолдану туралы сұрақтар қоюға мүмкіндік берді.









