
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің акт залында Атырау облысы білім беру басқармасының ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект дәуіріндегі тәрбие мен жауапкершілік» тақырыбында облыстық Әкелер форумы өтті.
Форумға білім беру саласының өкілдері, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, әкелер кеңестерінің төрағалары, белсенді әкелер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Іс-шараның ашылуында Атырау облысы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Лаура Меңдіғалиева, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, белгілі журналист әрі публицист Исатай Балмағамбетов сөз сөйлеп, әке тәрбиесінің маңызы, отбасы құндылықтары және ұрпақтар сабақтастығы жөнінде ойларын ортаға салды.
Форумның алғашқы бөлімінде IT-ағартушы, жасанды интеллект зерттеушісі, AI және IT саласының сарапшысы Тимур Бектұрдың қатысуымен «Жасанды интеллект және цифрлық дәуірдегі отбасы тәрбиесі» тақырыбында панельдік сессия өтті.
Сессия барысында заманауи әке бейнесі, цифрлық орта жағдайындағы бала тәрбиесі, жасанды интеллекттің отбасы өміріне ықпалы және жастардың тұлғалық дамуы мәселелері талқыланды. Сондай-ақ спикерлер ер мен әйел арасындағы қарым-қатынас, отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесіндегі жауапкершілік мәселелеріне тоқталды.
Форумның негізгі өзегі – цифрлық дәуірде әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі қандай болуы керек? деген маңызды сауалға жауап іздеу болды.
Бүгінде жасанды интеллект, гаджеттер мен цифрлық технологиялар балалардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Осыған байланысты ата-аналардың, соның ішінде әкелердің балаға бағыт-бағдар беруі, оның цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі және тұлғалық дамуына қолдау көрсетуі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Осы тақырыптар форумның күн тәртібінде кеңінен талқыланды. Қатысушылар балалардың цифрлық қауіпсіздігі, отбасы құндылықтары, ұлттық тәрбие және әке мен бала арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Форумның екінші бөлігі Абай орталығында өткен форсайт-сессиямен жалғасты.
Форсайт-сессия барысында қатысушылар бүгінгі мәселелерді талқылаумен қатар, алдағы кезеңдегі мүмкіндіктер мен ықтимал сын-қатерлерді саралап, отбасы тәрбиесінің болашағына қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Атап айтқанда, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде әке мен отбасы рөлінің өзгеруі, бала тәрбиесінде басымдық берілуі тиіс құндылықтар және балаларды болашаққа дайындау үшін бүгіннен бастап жасалуы қажет қадамдар талқыланды.
Топтық жұмыстар барысында әкелер өз тәжірибелерімен бөлісіп, отбасы тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді саралады. Пікір алмасу нәтижесінде болашаққа бағытталған бірқатар идеялар мен нақты ұсыныстар қалыптасты.
Облыстық Әкелер форумы – әкелер қауымдастығының өзара тәжірибе алмасуына, отбасы тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылауына және цифрлық дәуір жағдайында жауапты ата-ана моделін қалыптастыруға бағытталған пікірталас алаңы болды.









