
Жетісу облысында су тасқыны қаупінің алдын алуға, елді мекендер мен инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Инженерлік жұмыстар жоспары және облысты дамыту жоспары аясында биыл су тасқынының алдын алуға бағытталған 10 іс-шара іске асырылуда. Қазіргі уақытта тиісті жұмыстар Алакөл және Қаратал аудандарында, сондай-ақ Талдықорған қаласында жүргізілуде.
Өңірдегі екі ірі өзен — Тентек және Қаратал өзендеріне ерекше көңіл бөлінуде. Өзендердің жекелеген учаскелерінде арналарды тереңдету және жағалауларды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар өзен арналарының су өткізу қабілетін арттыруға, судың іргелес аумақтарға шығу қаупін төмендетуге және елді мекендердің қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған.
Су тасқынына қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар тиісті учаскелерде жоспарланған жұмыстарды жүргізуде.
Іс-шаралардың орындалу барысы тұрақты бақылауда. Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жүргізіліп жатқан жұмыстарға мониторинг жасап, олардың орындалуын тексеруде.
Сонымен қатар су нысандары мен гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізілуде. Су тасқынына қарсы кешенді іс-шараларды жүзеге асыру ықтимал тәуекелдерді уақтылы азайтып, облыс тұрғындары мен инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.









