
29 қыркүйекте Астанада Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйымдастыруымен комплаенс-қызметтерге арналған диалог алаңы өтті.
Іс-шараға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасы төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова, БҰҰ басқармасының өңірлік кеңесшісі Владимир Козин, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор мен бизнес қауымдастықтың комплаенс қызметкерлі қатысты.
Диалог алаңында жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағартушылық жұмысын жетілдіру, адалдық қағидаттарын нығайтуда комплаенс-қызметтердің рөлін арттыру мәселелері талқыланды.
Іс-шарада Агенттік Төрағасы Дархан Жазықбай Мемлекет Басшысы айқындаған «Заң мен Тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттары квазимемлекеттік ұйымдардың, жеке сектор субъектілерінің күнделікті қызметінде де көрініс табуы қажет. Бұл ретте, Мемлекет басшысының «Сыбайлас жемқорлықтың өзіне тән себептері мен алғышарттарын жоймайынша, бұл шаруа – жел диірменімен күресумен бірдей» - деген сөзін қаперде ұстау маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар, ұйым басшыларының жауапкершілігі мен комплаенс-қызметтердің кәсіби жұмысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөлге ие екенін айтты.
Ағымдағы жылы комплаенс-қызметтердің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, өкілеттіктерін кеңейтуге және қызметкерлерінің еңбек кепілдіктерін күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданды. Диалог алаңында жаңа талаптарды іске асыру және ұйымдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда комплаенс-қызметтердің рөлін одан әрі күшейту мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, іс-шараның практикалық бөлімінде қатысушылар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және бағалау, мүдделер қақтығысын реттеу, комплаенс-офицерлердің кәсіби құзыреттерін дамыту мәселелерін талқылап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысын ұйымдастырудың практикалық тәсілдерін ұсынды.
Агенттік комплаенс-қызметтерге әдістемелік қолдау көрсетуді, олардың кәсіби әлеуетін арттыруды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағартушылық жұмысының тиімді тәсілдерін енгізуді жалғастыратын болады.









