
Ақадыр кентінің тумасы, мектебіміздің түлегі Қожанәсіп Аңсаған тоғызқұмалақтан әлем чемпионатында ел мерейін асқақтатты.
Қыркүйек айының 21–27 аралығында Румынияның Бухарест қаласында тоғызқұмалақтан ересектер арасында әлем чемпионаты өтті.
Халықаралық додаға қатысқан Қожанәсіп Аңсаған – ауданымыздың мақтанышы, мектебіміздің түлегі, қазіргі таңда тоғызқұмалақ бөлімінде жаттықтырушы болып қызмет атқарып келеді.
Жарыс барысында спортшымыз рапид түрінен жүлделі II орынға ие болып, ал блиц түрінен әлем чемпионы атанды.
Бұл – тек спортшының ғана емес, туған жері мен мектебінің, сондай-ақ ұлттық спортты дамытуға үлес қосып жүрген барша жанашырлардың ортақ қуанышы.
Қожанәсіп Аңсағанның бұл жеңісі – ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақтың әлемдік деңгейдегі беделін айқындайтын айтулы жетістіктердің бірі.
Ақадыр кентінің тұрғындары атынан Қожанәсіп Аңсағанды жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз!
Жаттықтырушы-спортшыға мықты денсаулық, толағай табыс, биік белестер мен халықаралық жарыстарда жаңа жеңістер тілейміз!
Жеңісті жолыңыз жалғаса берсін! Туған жердің мерейін үстем ете беріңіз!









