
Шығыс Қазақстан облысында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау науқаны аяқталуға жақын. Бүгінде 241 мың гектар алқаптағы егін орылды. Бұл - жоспарланған көлемнің 97 пайызы. Әр гектардан орта есеппен 17 центнер өнім жиналып, жалпы 412 мың тонна астық бастырылды.
Биыл шығысқазақстандық шаруалар 611 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдарын жинауды жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,5 мың гектарға артық. Сонымен қатар майлы дақылдарды жинау жұмыстары да жалғасуда. Қазірдің өзінде жоспарланған алқаптың 35 пайызына тең 90 мың гектар жердегі өнім жиналды. Әр гектардан 20 центнерден астам өнім алынып, жалпы 182 мың тонна майлы дақыл бастырылды.
Егін жинау науқанына 1445 астық жинайтын комбайн мен 9504 трактор жұмылдырылған. Биылғы өнімге арналған егіс жұмыстары барысында шаруашылықтар 60 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш енгізді. Егін жинау жұмыстарының үздіксіз жүруін қамтамасыз ету үшін шаруаларға жеңілдетілген бағамен 19 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бүгінде оның 10 мың тоннадан астамы жеткізілді. Бұдан бөлек, астықты кептіруге шамамен 5,5 мың тонна дизель отыны қарастырылған.
ШҚО-дағы астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы 829 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде 229 мың тонна астықты лицензияланған элеваторларда сақтауға болады.
«Кең дала 2» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарына 22 млрд теңгеден астам қаржы берілді. Ал жыл басынан бері «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы шаруашылықтарға жалпы құны 16,6 млрд теңге болатын 474 ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығы лизингке берілді.
Сондай-ақ биыл өңірде өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 3,4 млрд теңге бөлінді. Бүгінде қаржыландыру жоспары бойынша қарастырылған соманың 99 пайызы шаруаларға төленді.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстандағы егін жинау науқаны штаттық режимде өтіп жатыр. Негізгі жұмыстарды оңтайлы агротехникалық мерзімдерде аяқтау жоспарланған.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).









