
26 қыркүйекте Шығыс Қазақстанды зерттеуге елеулі үлес қосқан көрнекті зерттеуші, өлкетанушы, ғалым, ағартушы, қоғам қайраткері, облыс орталығындағы көшеге аты берілген Евгений Петрович Михаэлистің (1841-1913) туғанына 185 жыл толды.
29 қыркүйек күні сағат 11.00-де А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Евгений Петрович Михаэлис: ғылыми мұрасы және мәдени жады» атты дөңгелек үстел өтеді.
Кітапхана мәліметінше, соның аясында Е.П. Михаэлистің Шығыс Қазақстандағы өңірлік ағарту мен ғылымға қосқан үлесі; өлкенің мәдени ортасын қалыптастыруға қатысуы; ғалымның ғылыми және өлкетанушылық зерттеулері, оның мұражайлардағы, архивтердегі, кітапханалардағы еңбектері қарастырылады.
– Құжаттық және материалдық мұраны сақтау мәселелеріне, өңір тарихын зерттеудегі мәдениет мекемелерінің рөліне, Шығыс Қазақстан тұрғындары арасында Михаэлистің есімін кеңінен насихаттаудың заманауи мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылады. Дөңгелек үстел жұмысына музей, кітапхана және архив қауымдастықтарының өкілдері, өлкетанушылар, тарихшылар, зерттеушілер, жазушылар және тарихи-мәдени мұраны қорғау саласының мамандары қатысады, – деді А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханасында.
Еске сала кетейік, Евгений Петрович Михаэлис Санкт-Петербургте тұрған, Н.А. Добролюбов, Н.Г. Чернышевский және басқа да белгілі тұлғалармен аралсты. Алайда демонстрацияға қатысқаны үшін қамауға алынып, Семейге жер аударылды. Сол жерде оның тағы бір досы – Абай Құнанбайұлы болды.
Ғалым өлкемізді зерттеуге көп еңбек сіңірді: Зайсан өңірінен тас көмірді, Тарбағатай мен Сауыр тауларынан ежелгі мұздық түзілімдерінің іздерін анықтады, Семей мен Көкпекті арасындағы пошта жолын салу үшін іздестіру жұмыстарын жүргізді, Ертіс өзенінің арнасын және Зайсан көлін зерттеді, Қалба жотасының геологиялық құрылысын зерделеумен, тау жыныстарын жинаумен айналысты, бірқатар алтын кен орнын ашты.
Евгений Петрович Михаэлис Семейде және Өскеменде еңбек етті. Жер аударылу мерзімі аяқталғаннан кейін де тұрғылықты жері ретінде Өскеменді таңдады. Мұнда ол ғылыми және қоғамдық қызметпен айналысып, басқалармен бірге қаланы абаттандыруға көп еңбек сіңірді.









