Абай облысында орман өртін сөндіруге үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді

    Абай облысында орман өртін сөндіруге үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді

    Бүгін облыс әкімі Берік Уәли төтенше жағдайлардың алдын алуға және табиғи өртпен күресуге үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

    Марапаттау рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы азаматтардың еңбегіне жоғары баға беріп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметтері үшін алғыс айтты.

    «Бүгін біз ел қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп, өздерінің батылдығы мен жоғары кәсіби шеберлігін танытқан азаматтарға алғыс білдіру үшін арнайы жиналып отырмыз. Баршаңызға белгілі, табиғатты қорғау, экологиялық қауіпсіздікті дамыту Мемлекет басшысы үнемі назарда ұстап келе жатқан маңызды бағыттардың бірі. Президент «Табиғатты аялау, қоршаған ортаға қамқор көзбен қарау – ұлтымыздың болмысында бар асыл қасиет. Бұл – бабаларымыздың бізге қалдырған өсиеті әрі аманаты. Ал жаңа Конституциямыз бойынша осы көзқараспен іс-шаралар азаматтық міндет болып саналады» деп атап көрсеткен болатын. Биыл 16 шілдеде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Бородулиха филиалына қарасты Қамышен орманшылығының №57 орамында өрт шықты. Алапат жалын елді мекендерге де қауіп төндіріп, жедел әрі үйлесімді іс-қимылды талап етті. Үкіметтің қолдауымен тұтас ел жұмылып, табиғи апатпен көп болып күрестік. Көптеген азаматтар қасымыздан табылды. Көрші облыстардың өрт сөндірушілері де келді. Соның нәтижесінде 18 шілдеде 370 гектар аумақтағы орман өрті сөндірілді. Бұл – орасан зор еңбектің, кәсіби үйлесімділіктің және бір мақсат жолындағы жұмыла әрекет етудің нәтижесі. Бүгінгі марапат – сіздердің батылдықтарыңыз бен еңбектеріңізге көрсетілген құрметтің белгісі», – деді Берік Уәли.

    Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқарудағы жанқиярлығы, сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде көрсеткен ерлігі үшін бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар тапсырылды.

    Атап айтқанда, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Алексей Штыкель Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденіне ие болды. Сондай-ақ, тілсіз жаумен күресте батылдық танытып, өртті сөндіру кезінде ерлік көрсеткен азаматтарға «Ерлігі үшін» медалі, елді мекендер мен орман қорын сақтауға үлес қосқан жандарға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді. Бұдан бөлек бірқатар азамат Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы мен облыс әкімінің Алғыс хатын алды.

    Айта кетейік, 16 шілде күні болған өртті ауыздықтау және оның салдарын жою жұмыстарына еліміздің әр өңірінен төтенше жағдайлар қызметінің, орман шаруашылығының, жергілікті атқарушы органдардың, полицияның, Қарулы күштердің, Ұлттық ұланның, шекара қызметінің және басқа да құрылымдардың мамандары жұмылдырылды. Жалпы алғанда, орман өртін сөндіруге 922 адам және 214 техника қатысты. Сонымен қатар, әуеден 380 рет су шашылды. Өртті сөндіруге жалпы 866 тонна су пайдаланылды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары