Қарттарым – асыл қазынам

    ·Жаңалықтар мұрағаты
    Қарттарым – асыл қазынам
    Қарттарым – асыл қазынам
    Қайырымдылық пен қамқорлықты өмір салтына айналдырған еріктілердің игі ісі қоғамға жылу сыйлайды. Әсіресе, үлкенге құрмет көрсетіп, қарияның денсаулығына көңіл бөлу – ізгіліктің өлшемі. Бұл бағытта ауданымыздағы ерікті жастардың атқарып жүрген еңбегі ерекше.
    Бүгінде волонтерлік қозғалыс елімізде жаңа сипат алып, қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Өз уақытын өзгеге көмек көрсетуге арнаған еріктілер қайырымдылық, әлеуметтік қолдау, экология, медицина және басқа да маңызды бағыттарда белсенділік танытып келеді.
    Ауданымызда да қоғамға пайдасын тигізуді мақсат еткен белсенді жастар аз емес. Олардың әрбір игі бастамасы – жанашырлықтың, жауапкершіліктің және азаматтық белсенділіктің көрінісі.
    Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ еріктілері түрлі әлеуметтік бастамаларға тұрақты түрде атсалысуда.
    Сондай игі шараның бірі жуырда Жаңаарық ауылдық округіне қарасты Ақтоғай ауылында өтті. «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбында ұйымдастырылған шара «волонтерлік – медициналық» бағыт аясында жүзеге асырылды.
    Іс-шараға Ақтоғай дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі К. Сандуғаш қатысып, ауыл тұрғындары мен қариялардың денсаулығын бақылаудан өткізді. Медициналық тексеру барысында тұрғындарға қажетті кеңестер беріліп, аурудың алдын алу және оны ерте кезеңде анықтаудың маңыздылығы түсіндірілді.
    Қарт адамның көңілін сұрап, жағдайын білу, денсаулығына алаңдау – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, жүрекке жылу сыйлайтын үлкен қамқорлық. Өйткені қарияға көрсетілген құрмет – өткенге тағзым, кейінгі ұрпаққа өнеге.
    Ақтоғай ауылындағы бұл бастама бір күндік шарамен шектелмейді. Мейірбикенің жоспарлы жұмысына сәйкес медициналық бақылау мен кеңес беру жұмыстары апта сайын тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
    Еріктілік – атақ үшін емес, адамға қолдау көрсету үшін жасалатын ізгі қадам. Біреуге бөлінген уақыт, айтылған жылы сөз, көрсетілген көмек – қоғамдағы мейірімділіктің артуына жол ашады.
    Бүгінгі ерікті жастардың еңбегі – осындай қарапайым, бірақ маңызы зор істерден көрінеді. Елге қызмет етудің үлкені де, кішісі де жоқ. Ең бастысы – игі істің басында адамға деген жанашырлық пен жүректегі жауапкершілік.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары