
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Жетісу облысының полициясы жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Қоғамның ерекше алаңдаушылығын тудыратын мәселелердің бірі — қалалық көшелердегі түнгі жарыстар мен дрифт. Біреулер үшін бұл автокөліктің мүмкіндігін көрсету немесе ерекше эмоция алу тәсілі болуы мүмкін. Алайда қалалық жол — автожарыс трассасы емес екенін есте ұстаған жөн. Дрифт кезінде автокөлік әдейі басқарылатын сырғанауға түсіріледі. Бұл көлікті басқарудан айырылу қаупін арттырады. Осындай сәтте бір ғана қателік автокөліктің қарсы жолаққа шығып кетуіне, тротуарға соғылуына немесе басқа көлікпен соқтығысуына әкелуі мүмкін. Тіпті тәжірибелі жүргізушінің өзі жолда орын алуы ықтимал барлық жағдайды алдын ала болжай алмайды. Бірнеше секундтық адреналин өмір бойы өкінішке айналуы мүмкін. Құрметті жүргізушілер! Қалалық көшелерді экстремалды көлік жүргізуге арналған алаңға айналдырмаңыздар. Егер автокөліктің мүмкіндігін сынап немесе көлік басқару шеберлігін көрсеткілеріңіз келсе, бұл үшін арнайы жабдықталған орындар бар. Өз өміріңізді сақтаңыздар және жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндірмеңіздер. Жол ережесін сақтау — шектеу емес, айналаңыздағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне деген жауапкершілік.









