
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында өңірдің мектептерінде тамақтандыруды ұйымдастыру және мемлекеттің қатысуымен құрылған кәсіпорындардың қаржылық жағдайы қаралды. Отырысқа облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Құрманова, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұржан Ноғайбаев және қаржы басқармасының басшысы Гүлфайрус Серікболова баяндады.
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты қолданысқа енгізіліп, облыс мектептері жаңартылған перспективалық мәзірге көшті. Облыстағы 311 білім беру ұйымында 99657 оқушыға ыстық тамақ ұйымдастырылған. Бір реттік тегін тамақпен 48 016 оқушы қамтылып отыр. Оның 38 944-і – 1-4 сынып оқушылары, 8 297-сі – 5-11 сыныптардағы әлеуметтік осал топ санатына жататын балалар.
Қазіргі уақытта білім алушыларды тегін тамақтандыруды цифрландыру және оның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесі арқылы тегін тамақтануға құқығы бар білім алушыларға ваучерлерді қалыптастыру үшін ата-аналарды SMS-хабарлама арқылы ақпараттандыру жұмысы жүргізілуде.
Аймақ басшысы жиында тиісті басқармаларға білім алушыларды тамақтандыру қызметтерінің сапасына, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне, бекітілген ас мәзірінің сақталуына және санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуына ведомствоаралық бақылауды күшейтуді, білім алушыларды тегін тамақтандыруға бөлінген бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді пайдаланылуына, сондай-ақ, тамақтандыру қызметтерін сатып алу кезінде бюджет заңнамасы мен мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарының сақталуына бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.
«Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету жүйесі енгізілді. Бұл – балалардың әлеуметтік жағдайына қарамастан, олардың сапалы әрі құнарлы тамақтануға тең мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды мемлекеттік шара. Мектептегі тамақтандыру мәселесі тек оқушыларды ыстық тамақпен қамтумен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – ұсынылатын тағамның сапасы мен қауіпсіздігін, оның құнарлылығын, белгіленген талаптарға сәйкестігін және балалардың денсаулығына пайдалы болуын қамтамасыз ету», – деді Берік Уәли.
Облыста ас блогы жоқ шағын жинақты мектептердегі балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін кейтерингтік қызмет те ұйымдастырылған. Сонымен қатар бірқатар білім беру ұйымдарында асханаларды жөндеу қажеттілігі бар.
Сондай-ақ,отырыста мемлекеттің қатысуымен құрылған кәсіпорындардың қаржылық жағдайы қаралды. Қаржы басқармасы мемлекеттің қатысуымен құрылған кәсіпорындардың бухгалтерлік есептілігі мен «Мемлекеттік мүлік тізілімі» порталында, оның ішінде e-Qazyna цифрлық платформасында орналастырылған есептілік деректерін салыстырып, олардың қаржылық-шаруашылық қызметіне талдау жүргізді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы облыстық деңгейдегі барлығы 161 коммуналдық меншіктегі ұйымның қызметі талданды.
Аймақ басшысы жиында бірқатар басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне өздеріне бағынысты кәсіпорындардың жұмысына бақылауды күшейтуді, қолданыстағы заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету міндетін жүктеді.









