
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қарағанды облысы бойынша өкілі Бейсенбеков К. М., Қарағанды облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Киселёва И. Б. және Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы «Еркіндік рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссиясының Қарағанды облысы бойынша мүшесі Джумальдинов А. А. Қарағанды қаласының «№ 1 арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне барды.
Сапардың мақсаты тәрбиеленушілердің білім алуы, тұруы және жан-жақты дамуы үшін жасалған жағдайлармен танысу болды. Қатысушылар оқу, тұрғын және тұрмыстық үй-жайларды аралап көріп, тамақтандыру, медициналық қызмет көрсету және бос уақытты ұйымдастыру мәселелерін, сондай-ақ үй-жайлардың санитариялық жай-күйі мен мекеменің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін зерделеді.
Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарының сақталуына қатысты мәселелер бөлек қаралды. Негізгі назар тәрбиеленушілердің заңды мүдделерін қорғауға, олардың адами қадір-қасиетін және жеке басына қол сұғылмаушылығын құрметтеуге, сондай-ақ қатыгез немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынастың алдын алуға аударылды.
«Еркіндік рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссиясының мүшесі Джумальдинов А. А. тәрбиеленушілер үшін «Менің құқығым бар» диалог клубын өткізіп, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері бойынша дәріс оқыды.
Балалардың, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын қорғау Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Әрбір балаға білім алу, даму және қоғам өміріне толыққанды қатысу үшін тең мүмкіндіктер беретін қолжетімді, қауіпсіз әрі инклюзивті ортаны қалыптастырудың маңызы ерекше.









