
Журавлев Евгений Николаевич, СҚО Төтенше жағдайлар департаменті имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының бас маманы
Туған жылы және жері: 15.03.1965 ж., СҚО, Петропавл қаласы.
Білімі: филологиялық, 1989 жылы Петропавл педагогикалық институтын бітірген, мамандығы – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. ҚР ТЖМ еңбек өтілі – 30 жыл.
1996 жылғы 1 тамызда Солтүстік Қазақстан облысының ТЖ басқармасындағы еңбек жолым басталды. Бұл мен көптен армандаған таңдау болды деп айта алмаймын. Дегенмен, өмірде кездейсоқтық болмайды… Мен адамдарды қорғау секілді игілікті істе өз қабілетімді толықтай жүзеге асыра алатын жерден табылдым. Тағдыр шығар! Өрт немесе төтенше жағдайлар туралы оқығанда немесе естігенде, оған жанашырлықпен қарайсың, бірақ бәрібір сырттай қабылдайсың. Ал өз көзіңнің алдында үйдің немесе пәтердің ашық жалынға оранып, ыстық леп бет қарып, айналаға күл шашылып жатқанын, өзің танитын адамдардың отқа кіріп бара жатқанын, балаларды қолдарына көтеріп, сыртқа шығарылып жатқанын, құтқарылған адамдар мен олардың жақындарының жүздерін көргенде… Мұны ешқашан ұмыта алмайсың! Осындай сәттерде адам өмірінің қадірін әрі оның қаншалықты нәзік екенін түсініп, өмірдегі өзіңнің мақсатың туралы қойылған сұраққа жауап табасың.
Сөздің де қару екені белгілі, әсіресе баспа сөзі және оны шебер пайдалану, оқырманға қауіпсіздік ережелерін сақтаудың қажеттілігін жеткізу, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың күнделікті еңбегін көрсету маңызды, олардың жұмысында, бейнелеп айтқанда, әрдайым ерліктерге орын бар, ал біреуді азаматтық қорғау органдарының қатарына қызметке келуге ынталандыруға болады. Ал жас ұрпақ өкілдерін, қызметке жаңадан қабылданған, «көздері жанып тұрған» қызметкерлерді кездестіргенде, мұнда сенің де еңбегіңнің бір бөлшегі бар екенін түсінесің. Жүздеген жазылған (басылған) парақтар өз ісін атқарып жатады, кейде оның нәтижесі бір қарағанда байқалмауы мүмкін.
Осы жылдар ішінде көп нәрсені еске алуға болады – өрттер мен су тасқындары, құтқару операциялары мен іздестіру жұмыстары, сәтсіздіктердің өкініші мен қол жеткізген жетістіктердің қуанышы. Сонымен қатар өрт сөндірушілердің еңбекпен шыңдалған қолдары, ТЖ аймағында немесе өрт кезінде «бір толқында» жұмыс істеу, бір-біріңді бір қарағаннан-ақ түсіну, радиобайланыстағы қысқа да нұсқа сөздер, ең қиын сәттерде демеу бола алатын ащы әзілдер… Мұның бәрін тізіп шығу мүмкін емес!
Ең ерекше есте қалғаны не? Бұл таңғалдыруы мүмкін, бірақ күнделікті жұмыстың бір сәті есімде ерекше қалыпты. ТЖ мен оқиғаларсыз күндер болмайды, ал бұл жедел кезекші қызметтің ақпараттарында салқынқанды түрде тіркеліп отырады. Бірақ осыдан шамамен 20 жыл бұрын аппараттық кеңестердің бірінде қатысушылар кезекші қызметтің кезекті мәліметін тыңдауға дайындалып отырған кезде, әдеттен тыс бір сөз айтылды: «ТЖ тіркелген жоқ». Бірнеше секунд үнсіздік орнады да, кенеттен – ду қол шапалақ! Сол сәтте әркім бұл – бүкіл ұжымның еңбегінің нәтижесі екенін, атқарған жұмыстың зая кетпегенін, күнделікті тынымсыз еңбектің өз жемісін беріп жатқанын сезінді. Ал бұл адамға қанат бітіреді.
Мен азаматтық қорғау органдарының ардагерлері – менің тәлімгерлерім Мусабаев Марат Шамшариповичке, Катунова Елена Николаевнаға, Увалиев Сагинбай Койбогаровичке, Стрелковский Владимир Тимофеевичке, сондай-ақ мені мүмкіндігінше жауынгерлік жағдайға жақын ортада жұмыс істеуге үйреткен көптеген әріптестеріме өте ризамын. Олар маған сөзге сараң, қатал, бірақ өз ісіне шапшаң өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды сұхбат барысында «ашуға», яғни олардың ішкі болмысын таныта білуге үйретті. Адамға жол табу, оның өзіне тән ерекшелігін, есте қаларлық жарқын детальді анықтау, жадта із қалдыратын қызықты материал дайындау – баспасөз қызметінің әрбір қызметкері үшін №1 міндет. Тағы бір нәрсе… Бұл мамандықта немқұрайлылыққа орын жоқ. Мұнда бар күшіңді салу, жеке өміріңдегі кейбір нәрселерден бас тартуға тура келеді. Біздің ұстанымымыз – осы!
Сұхбатты жазып алған:
СҚО ТЖД кадр және тәрбие жұмысы басқармасының бас маманы
Жазира Құрманова








