
Шығыс Қазақстан облысында «Жас сақшы» полиция сыныптарының алғашқы форумы өтті
Өскемен қаласында алғаш рет «Жас сақшы» полиция сыныптарының қалалық форумы өтті. №30 жалпы білім беретін мектеп ұйымдастырған іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті мен Білім басқармасы қолдау көрсетті. Форумға қаладағы 5 мектептің полиция сыныптарының оқушылары қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттық құндылықтарды қалыптастыру, сондай-ақ жауапкершілік, ұйымшылдық пен көшбасшылық қасиеттерін дамыту.
Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында Ұлттық ұлан мен ішкі істер органдары ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев және Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Манапов болды.
Форум бағдарламасы бірнеше сайыс кезеңінен тұрды. Қатысушылар өздерінің білімін, дағдыларын, ой-өрісін және командалық жұмыс қабілетін көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
I орын — №30 мектеп;
II орын — №35 мектеп;
III орын — №47 мектеп.
Жеңімпаздар Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Алғашқы «Жас сақшы» форумы полиция сыныптарының оқушыларына өздерін танытып, тәжірибе алмасып, қатарластарымен пікір бөлісуге мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін, жауапкершілік сезімін және заң мен тәртіп қағидаттарына деген құрметін қалыптастыруға ықпал етеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі









