
Сайын даланы дүбірге бөлейтін көшпенділер ойыны тек ұлттық ерекшеліктерді дәріптейтін, қажыр-қайратты сынайтын ойын ғана емес халықтардың мәдени өмірінде де зор роль атқарады.Биыл Қырғыз елінде өткен көшпенділер ойынына төрткүл дүние көз тікті. Көшпенді мәдениеттің жандануының жарқын көрінісі болған «VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – 2026» аясында Алматы қаласындағы балалар колониясының жеткіншектері арасында да спорттық-тәрбие іс-шарасы ұйымдастырылды.
Спорт додасына №11 мекемеде жазасын өтеп жатқан кәмелетке толмаған сотталғандардың барлығы қатысты. «Алаш»,«Арлан», «Қыран» деп аталатын командаларға топтасқан жасөспірімдер арқан тарту, қол күресі, қой көтеру және гір тасын көтеру бойынша сынға түсті.
Тартысты әрі қызықты өткен сайыстың қорытындысы бойынша «Алаш» командасы – I орынды, «Арлан» командасы – II орынды, «Қыран» командасы – III орынды иеленді.
Іс-шараны ұйымдастыруға Алматы қаласы Полиция департаменті Арнайы және кәсіптік даярлық басқармасының қызметкері полиция майоры А. Абдиманапов, Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі, полиция подполковнигі Д. Көбеев, «Возражение Life» магистр-психологы М. Миркулова және директор Ш. Хамит белсене қатысып, демеушілік көмек көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған 30 жасөспірімге медальдар мен әртүрлі сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар демеушілерспорттық ойынға қатысушыларға тәтті сусындар мен шоколадтар үлестіріп, көңіл-күйлерін көтерді.
Жоғары деңгейде өткен көшпенділер ойыны ұйымдастырушылардың іскерлігін дәлелдеп, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді.









