
Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №43 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар арасында ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі қазақ ойындарынан жарыстар ұйымдастырылды.
Сайыс бағдарламасына асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту және бұқа тартыс ойындары енгізілді. Қатысушылар мергендік, ептілік, шапшаңдық, күш пен зерделіліктерін сынап, өзара ұйымшылдық пен төзімділіктерін көрсетті.
№43 мекеме бастығы, әділет полковнигі Сансызбай Аминовтың айтуынша, мұндай іс-шаралардың тәрбиелік мәні зор.
«Ұлттық ойындар – халқымыздың мәдени мұрасын дәріптеудің тиімді жолдарының бірі. Мұндай жарыстар сотталғандардың бос уақытын мазмұнды өткізуімен қатар, олардың тәртібін нығайтып, өзара сыйластық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді», – деді Сансызбай Аминов.
Ұлттық ойындарды ұйымдастыру сотталғандармен жүргізілетін тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Спорттық және зияткерлік сайыстар олардың дене дайындығы мен ойлау қабілетін жетілдіруге, белсенді өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақтың ұлттық ойындары – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тарихи-мәдени мұра. Оларды дәріптеу – ұлттық құндылықтарды сақтап, кейінгі буынға жеткізудің маңызды тетігі.









