
Тараз қаласындағы «Жастар аллеясында» тұрғындарды маусымдық ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету және отандық шаруаларға өз өнімдерін өткізуге қосымша мүмкіндік беру мақсатында «Дала дәмі» тақырыбында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.
Заманауи форматта ұйымдастырылған шарада жалпы құны 19,8 миллион теңгені құрайтын 22,5 тонна ауыл шаруашылығы тауары тұрғындарға ұсынылуда.
Оның ішінде 3 тонна жылқы, сиыр, қой және тауық еті, 1,5 тонна шұжық, 1,2 тонна сүт, 1 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитер, 1 тонна макарон, 0,5 тонна тұз, 0,5 тонна қант, 0,5 тонна қарақұмық, 0,5 тонна балық, 3 тонна ұн, 0,5 тонна бал және 9,8 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері сатылуда.
Сондай-ақ «Тараз» ӘКК» АҚ-ның тұрақтандыру қоры арқылы өзге де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері саудаланып жатыр.
Ерекше айта кетерлігі, барлық өнімдер нарық құнынан 10-15 пайызға төмен.
Бірыңғай заманауи форматтағы мұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта Тараз қаласы мен облыс аудандарында тұрақты түрде өткізілетін болады.








