
Балалардың қауіпсіздігі — ересектердің жауапкершілігінен басталады
Шығыс Қазақстан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және балаларға қауіп төндіруі мүмкін жағдайларды дер кезінде анықтауға бағытталған профилактикалық жұмыстар күшейтілуде.
ШҚО Полиция департаменті атап өткендей, жасөспірімнің жанжал немесе құқық бұзушылық қатысушысы атануы тек оның өз әрекетіне ғана байланысты емес. Бұған жиі жағдайда оның ортасы, құрдастарына бірдеңені дәлелдеуге тырысуы, ересектер тарапынан бақылаудың болмауы немесе уақытылы байқалмаған мәселелер әсер етіп жатады.Сондықтан негізгі басымдық — салдарымен күресу емес, тәуекелдерді ерте кезеңде анықтау.
Тәртіп сақшылары білім беру ұйымдарымен, ата-аналармен және жасөспірімдердің өздерімен тығыз байланыс орнатып, профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар көп жиналатын орындарға ерекше назар аударылып, түскен хабарламаларға шұғыл ден қойылуда.
«Балалардың қауіпсіздігі — барша ересектердің ортақ жауапкершілігі. Полицияның міндеті — мәселені дер кезінде көріп, араласу және жанжал мен жағымсыз әсердің ауыр зардаптарға ұласуына жол бермеу. Дегенмен, мұны да ескерген жөн: бірде-бір бейнебақылау камерасы немесе патруль ата-ананың назарын алмастыра алмайды», — деп атап өтті ШҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Рифхат Тауфиков.
Алдын алу шаралары қарапайым дүниелерден — баламен шынайы әңгімелесіп, оның мінез-құлқындағы өзгерістерге мұқият болудан басталады.
«Ата-аналар үшін баланың кіммен араласатынын, бос уақытын қайда өткізетінін, мектепте және достар ортасында не болып жатқанын білу өте маңызды. Кейде балалар өз мәселелерін тікелей айтпауы мүмкін, бірақ оның мінез-құлқы белгі бере бастайды. Сол белгіні байқай білу маңызды», — деп баса айтты Рифхат Шафихұлы.
ШҚО Полиция департаменті ата-аналарды балаларының өмірінен тыс қалмауға және профилактиканы тек құқық қорғау органдарының міндеті деп санамауға шақырады.
Баланың қауіпсіздігі ересектердің назарынан басталады. Кейде ол ең қарапайым сұрақтан — «Бәрі жақсы ма?» деген сұрақтан және шынайы түрде жауапты тыңдай білуге дайын болудан басталады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі









