Қарағанды облыстық мәслихатының сессиясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды

    Қарағанды облыстық мәслихатының сессиясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды

    Нұркен Кобжановтың төрағалығымен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімінің орынбасарлары, басқармалар мен департаменттер басшылары, өңірдің қалалары мен аудандары әкімдері мен мәслихат төрағаларының қатысуымен Қарағанды облыстық мәслихатының кезекті сессиясы өтті.

    Сессия аясында өңір басшысының облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2026 жылы негізгі міндеттерді іске асыру туралы есебі тыңдалды. Ағымдағы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша облыс экономикасы 2,6%-ға, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 4,8%-ға, ауыл шаруашылығы 3%-ға өсті. Негізгі капиталға 538,6 млрд. теңге тартылды. Жалпы құны 57,3 млрд. теңге болатын 11 инвестициялық жоба іске асырылды, 1 196 жұмыс орны құрылды.

    Есепте инфрақұрылым, энергетика, газдандыру, жол құрылысы, ауыл шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі шараларға ерекше назар аударылды. Жыл соңына дейін 2,9 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып 322,5 млрд. теңге сомасына тағы 44 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

    Облыс әкімінің есебін талқылау барысында депутат Ермек Әбілдин ауыл шаруашылығы тұтыну кооперативтерін қолдауды күшейту мен тәжірибе алмасу үшін республикалық форум өткізу туралы ұсыныс жасады.

    Сондай-ақ, ол Приозерск қаласына әскери полигонның пайдаланылмаған жерлерін жергілікті тұрғындар мен кәсіпорындардың қажеттіліктері үшін, атап айтқанда құрылыс материалдары өндірістерін орналастыру үшін қайтару мүмкіндігін қарастыру туралы мәселе көтерді.

    Қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін жетілдіру бойынша мәслихат шешімін орындау мәселесі жеке қаралды. Бейіндік комиссия төрағасы Бейбіт Досжанов атап өткендей, мәслихат шешімінде көзделген 28 депутаттық ұсынымның 17-сі орындалған. Сонымен қатар, полигондардың жай-күйі, қалдықтарды сұрыптау, өлшеу жабдығының болмауы мен жекелеген объектілерді паспорттауға байланысты бірқатар шешілмеген мәселелер қалып отыр. Мәселені қарау қорытындысы бойынша, тұрақты комиссия төрағасының бастамасымен шешім ішінара орындалды деп танылып, әлі де бақылауда қалды.

    Денсаулық сақтау саласында халықты қосымша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Облыстық бюджет қаражаты есебінен 25 нозология бойынша 197 пациент дәрілік препараттармен қамтамасыз етіледі. Қосымша тағы 16 пациентті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қажеттілігі анықталды. Халық денсаулығын сақтау жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында облыс әкімінің жанынан Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңес құрылды. Сонымен қатар, жедел медициналық жәрдем станциясының құрылысы жобасы «толық бітіріп берілетін» құрылыс жобаларының тізбесіне енгізілді.

    «Қарағанды облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы» атағын берудің жаңа Ережелерін бекіту сессияда қабылданған маңызды шешімдердің бірі болды. Жаңа ережелер атақ беру кезінде мерзімдер мен сандық шектеулерді өзгертуді, сондай-ақ белгіленген квоталардан тыс көрсеткен ерлігі үшін атақ беру мүмкіндігін көздейді. Бұл ретте 30 жылдық еңбек өтілінің және мемлекеттік наградалардың болуы туралы талаптар алынып тасталды.

    Сессия барысында Қарағанды облысының аумағында үй жануарларын ұстау және серуендету ережелері бекітілді, жаңа өңірлік нышан мақұлданды және Сәулет-қала құрылысы кеңесі құрылды.

    Бұдан бөлек, облыстық мәслихат қызметін одан әрі жетілдіру мәселелері қаралды.

    Қабылданған шешімдер облыстық мәслихаттың бақылауына алынды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облыстық мәслихаты" жаңалықтары