Серғазы Әдекеновтің төрағалығымен жануарлармен жұмыс істеу және егін жинау науқанының барысы мәселелері қаралды

    Серғазы Әдекеновтің төрағалығымен жануарлармен жұмыс істеу және егін жинау науқанының барысы мәселелері қаралды

    Қарағанды облыстық мәслихатында өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, аграрлық және жер мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның жұмыс отырысы өтті.

    Отырысқа облыстық мәслихат депутаттары, қалалар мен аудандар мәслихаттарының төрағалары, қала және аудан әкімдерінің тиісті салаға жетекшілік ететін орынбасарлары, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесінің өкілдері қатысты.

    Отырыстың негізгі мәселелерінің бірі Қарағанды облысы аумағында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларына өзгерістер енгізу жобасын қарау болды.

    Депутаттар қараусыз жануарлардың саны, оларды аулау мен зарарсыздандыру жұмыстарының тиімділігі, үй жануарларын міндетті сәйкестендіру, сондай-ақ қалыптасқан мәселені шешуге қажетті ресурстардың жеткіліктілігі мәселелерін талқылады.

    Талқылау қорытындысы бойынша жоба Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптары мен депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, пысықтауға қайтарылды.

    Қажетті рәсімдер мен келісу жұмыстары жүргізілгеннен кейін пысықталған жоба тұрақты комиссияның қайта қарауына енгізіледі.

    Сондай-ақ 2026 жылдың IV тоқсанында аталған мәселені облыстардың Қоғамдық кеңестері, мүдделі мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер және басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен қайта қарау туралы шешім қабылданды.

    Бұдан бөлек, Қарағанды облысының аумағында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларына өзгерістер енгізу жобасы қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша мәселе облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысына енгізілетін болады.

    Отырыста ауыл шаруашылығы өндірушілерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы техникасының жай-күйі және логистикалық мәселелер, сондай-ақ егін жинау науқанының барысы қаралды.

    Талқылау барысында депутаттар шаруашылықтарды дизель отынымен қамтамасыз ету, субсидиялар бойынша берешек, кредиттік қаржыландырудың қолжетімділігі, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің міндеттемелерін ұзарту, сондай-ақ суармалы егіншілікті дамыту және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелерін көтерді.

    Қарау қорытындысы бойынша салалық басқарма мен аудан әкімдеріне бірқатар ұсынымдар берілді:

    - егін жинау науқанын ысырапсыз және белгіленген мерзімде аяқтауды қамтамасыз ету;

    - 2027 жылғы егіс науқанына қажетті тұқым қорын қалыптастыруды қамтамасыз ету;

    - арзандатылған дизель отынын уақтылы әкетуді қамтамасыз ету;

    - күзгі үстеп қоректендіруге қажетті минералдық тыңайтқыштарды сатып алу жұмыстарын ұйымдастыру;

    - депутаттар тарапынан қойылған сұрақтар мен енгізілген ұсыныстар бойынша жауаптар ұсыну.

    Берілген ұсынымдардың орындалуы депутаттық бақылауда болады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облыстық мәслихаты" жаңалықтары