
Өскемен қаласының сол жағалау бөлігінде екі деңгейлі көлік жол айрығының құрылысы жалғасуда. Бүгінде нысанның негізгі тірек конструкцияларын салу бойынша жұмыстардың едәуір бөлігі аяқталды.
Жол айрығының құрылысы 2024 жылы дайындық жұмыстарынан басталған болатын. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін көлік қозғалысына түсетін жүктемені едәуір азайтып, аталған көлік торабындағы өткізу қабілетін 2,5 есеге арттыру күтілуде.
Жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде айналма жол салу, екінші кезеңде жол өткелін (эстакаданы) тұрғызу көзделген.
«VK Development Group» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта жол өткелінің барлық тіреулері орнатылып, арқалықтардың негізгі бөлігі монтаждалған. Арқалықтар орнатылған учаскелерде жол өткелінің жоғарғы бөлігін бетондау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар Сәтбаев даңғылы бойындағы жол өткеліне кіреберіс жолдарды абаттандыру жұмыстары қатар жүргізілуде. КШТ жағынан жол үйіндісі шамамен екі метрге, мешіт жағынан бір метрге көтерілді. Есенберлин даңғылы жағынан жол өткеліне кіреберіс жолдың шамамен 80 пайызы орындалды.
Қазіргі уақытта негізгі жұмыстар аралық конструкцияларды аяқтауға, бетондау жұмыстарына және жол өткеліне кіреберіс жолдарды қалыптастыруға бағытталған.
Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін жаңа жол айрығы көлік ағындарын оңтайландыруға, қаланың негізгі көлік тораптарының бірінің өткізу қабілетін арттыруға және автокөлік жүргізушілері үшін қозғалыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.









