
Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақы
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға тікелей күтім жасайтын адамға туыстық байланысына қарамастан жәрдемақы тағайындалады.
Жәрдемақы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда шетел азаматтарына тағайындалады.
Жәрдемақы тағайындаудың негізгі шарттары:
- бірінші топтағы мүгедектігі бар адам мен оған күтім жасайтын адам бір елді мекенде тұруы тиіс;
- күтімді бірнеше адам жүзеге асырған жағдайда, жәрдемақы олардың біреуіне тағайындалады;
- отбасында бірінші топтағы мүгедектігі бар екі немесе одан да көп адам болған жағдайда, жәрдемақы олардың әрқайсысына тағайындалады.
Жәрдемақы бюджет қаражаты есебінен ай сайын төленеді. Оның мөлшері 1,61 күнкөріс деңгейін құрайды. Жәрдемақы мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген күнкөріс деңгейінің мөлшері өзгеруіне байланысты қайта қаралады.
Заңнамада көзделген жағдайларда жәрдемақы төлеу уақытша тоқтатылуы немесе тоқтатылуы мүмкін. Оның ішінде мүгедектік тобы өзгергенде, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамның немесе оған күтім жасайтын адамның қайтыс болуына байланысты, сондай-ақ тұрақты тұру үшін басқа елді мекенге немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерге көшкен жағдайда төлем тоқтатылады.








