
ЕҢБЕК МИНИСТРІ ТЫЛ ЕҢБЕККЕРІН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРТТАР КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Қазақстанда 1 қазан Халықаралық қарттар күні ретінде аталып өтеді. Аталған күн – аға буын өкілдеріне құрмет білдіріп, олардың қоғам мен мемлекет дамуына сіңірген еңбегін атап өтудің маңызды мүмкіндігі. Елдің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосқан, кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, мол тәжірибесін аманат еткен ардагерлердің орны қашанда ерекше. Олардың өнегелі өмір жолы мен тағылымы жас ұрпаққа бағыт-бағдар береді. Халықаралық қарттар күніне орай Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев 93 жастағы тыл еңбеккері Роза Иманбекқызы Джанзакованың шаңырағына арнайы барып, мерекесімен құттықтады. Кездесу барысында министр Роза Иманбекқызына саналы ғұмырындағы еселі еңбегі мен кәсіби жолы үшін зор ризашылығын білдіріп, ақжарма тілегін жеткізді.
«Халықаралық қарттар күні – аға буынға деген құрметіміз бен алғысымызды білдіруге тағы бір мүмкіндік. Әрқайсыңыздың арттарыңызда үлкен өмір жолы, маңдай термен атқарған еңбек, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын мол тәжірибе мен білім бар. Біздің міндетіміз қарт адамдарға көңіл бөліп, қамқорлық көрсету, олардың лайықты әрі белсенді өмір сүруіне жағдай жасау. Бүгін осы мерекемен өзіңізді жеке құттықтап, құрметім мен алғысымды білдіргім келді. Ең бастысы, сізге зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеймін! Ұрпағыңыздың қызығына бөленіп, ұл-қыздарыңыз бен немере-шөберелеріңіздің ортасында мерейіңіз үстем, ғұмырыңыз мәнді болсын»! – деді министр.
Роза Иманбекқызының өмір жолы – маңдай термен атқарылған көп жылғы еңбектің, таңдаған кәсібіне деген адалдықтың жарқын үлгісі. Медициналық білім алып, бар ғұмырын азаматтардың денсаулығын қорғау саласына арнады. Еңбек жолында мол тәжірибе жинақтап, кәсіби міндетіне жауапкершілікпен қараған Роза Иманбекқызы отбасында да өнегелі ұрпақ тәрбиеледі. Екі ұлын өсіріп, бүгінде немере-шөберелерінің сүйіспеншілігі мен қамқорлығына бөленіп отырған ардақты ана.
«Қарттар күні – біз үшін айрықша мәні бар мереке. Осындай ерекше күні министрдің жұмысының тығыздығына қарамастан арнайы келіп, құттықтағанына өте қуаныштымын. Бізге көңіл бөліп, жылы лебізін білдіргені үшін шын жүректен алғыс айтамын. Министрге және министрліктің барша ұжымына зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне толағай табыс тілеймін! Халыққа қызмет етіп жүрген жұмыстарының игілігін ел азаматтары көріп, еңбектері әрдайым лайықты бағалана берсін», – деді Роза Иманбекқызы.









