АУДАН ӘКІМІНІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУІ ШӘУІЛДІР АУЫЛ ОКРУГІНДЕ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

    АУДАН ӘКІМІНІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУІ ШӘУІЛДІР АУЫЛ ОКРУГІНДЕ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

    Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Шәуілдір ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, ауданның тиісті кезеңіндегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.
    Кездесу барысында аудан басшысы ауыл округінде инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік қолдау, абаттандыру және кәсіпкерлік салаларында ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. 2026 жылға жоспарланған жұмыстар қатарында бірнеше көшеге күрделі жөндеу жүргізу, жаңа жарықтандыру желілерін орнату, балалар ойын алаңшаларын салу және ішкі көшелерге тас төсеу жобалары енгізіліп, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен іске асуда.
    Атап айтқанда, Жаңа мөлтек аудандағы жолы жоқ 4 көшеге, Қ.Төлбасиев көшесінің бұрылысына және Т.Қысмұратов көшесінің бұрылысына тас төсеу, Ж.Есбалаев, Н.Төреқұлов және Р.Биімбетов көшелерін жарықтандыру жұмыстары атқарылған. Сондай-ақ, ардагерлер саябағының тозығы жеткен электр жүйелері мен жарық беру құралдары жөнделіп, селкілдек көпірі маңындағы балалар ойын алаңшасына тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары орнатылған.
    Жібек Жолы даңғылы бойында орналасқан №10-22 және Д. Алтынбеков көшесі бойындағы №13-15 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан футбол алаңдары толықтай қайта жөндеуден өткізілген.
    Кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер мен ұсыныстар тыңдалып, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, БАҚ беттеріндегі жарияланымдарды бақылау, ауыз су секілді мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
    Аудан әкімі ветеринария саласының ардагері Әсіл Шірдебаевтің үйіне барып, Қарттар күні мерекесімен құттықтады. Ұзақ жылдар бойы ветеринария саласында еңбек етіп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына еселі үлес қосқан ардагердің иығына зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті. Жасы 85-ке таяған Әсіл қария көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары