
Бүгін Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлның халықпен кездесуі Отырар ауыл округінен басталды. Кездесуде ағымдағы жылдың тиісті кезеңінде аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Аудан басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, жол жөндеу, абаттандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті.
Кездесу барысында аудан әкімі «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл округінде «Рахат-1988» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, 52 отбасыны төмен пайызды несиемен қамту жоспарланып отырғанын атап өтті.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан жол, көше жарығы, ағын су, электр жүйелері және әлеуметтік мәселелерге қатысты ұсыныстар мен сауалдар қойылып, аудан басшысы олардың кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Кездесуден кейін аудан әкімі 80 жастағы көпбалалы ана Сәлима Сариеваның үйіне барып, Қарттар күні мерекесімен құттықтады. Ұл-қыздарынан өрбіген бірнеше немере-шөберелерінің ақылшысына айналған ардақты ананың иығына кестелі орамал жауып, құрмет көрсетті. Балалық шағы қиын-қыстау кезеңдермен тұспа-тұс келген қарт ана өнегелі әңгімесін айтып, көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.









