
Отырар ауданында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай мерекелік шара өтті.
Мерекелік шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов қатысып, ақ жаулықты әжелер мен ардақты ақсақалдарды мерекемен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық пен береке тіледі.
Шара барысында ауданның қазыналы қарттарына құрмет көрсетіліп, олардың ел дамуына қосқан еңбегі мен өмірлік тәжірибесінің кейінгі ұрпақ үшін маңызы атап өтілді. Бір топ ардагерлеге аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттары табысталып, сый-сыйапат жасалды.
Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлер Мырзахмет Темірбеков, Шайырбек Айжарықов, Тәліп Асанов, Көлбай Жалғасбай, Нұрқұл Ердемқұл, Таңат Әбікей, Төрехан Амантай және ардақты аналар Қалдан Байжұман, Маржан Танашевалар мерекелік лебіздерін білдіріп, көрсетілген құрметке ризашылықтарын жеткізді.
Мерекелік кештің көркін аудан өнерпаздарының арнайы әзірлеген концерттік бағдарламасы қыздырды. Жас өнерпаздар әннен шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қарттарымыз – елдің берекесі мен бірлігінің ұйытқысы, ұрпаққа ақыл-өнеге беріп келе жатқан ардақты жандар.








