
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов “AMPO Қазақстан” ЖШС өкілі Массимо Биндинимен кездесті. Тараптар компанияның өңірдегі қызметін, жергілікті өндірісті дамытуды және мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық перспективалары жайында ақылдасты.
— Атырау облысы үшін мұнай-газ секторындағы компаниялардың тек дайын өнім жеткізумен шектелмей, өз өндірісін кеңейтуі, жұмыс орындарын ашуы және жобаларға жергілікті бизнесті тартуы өте маңызды. Біз жергілікті қамту үлесін одан әрі арттыра түсуге, технологияларды беруге және құзыреттерді дамытуға мүдделіміз. Өндірісті дамытып, облыста жаңа жобаларды жүзеге асыратын жоспары бар компанияларға қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді Болат Ақшолақов.
“АMPO Қазақстан” компаниясы бас зауыты Испанияда орналасқан және әлем бойынша филиалдары бар халықаралық компанияның құрылымына кіреді. Кәсіпорын жоғары технологиялық құбыр арматурасын шығарумен, оған қызмет көрсетумен және жеткізумен айналысады. Өндірістік желіде API және ISO халықаралық стандарттары қатаң сақтала отырып жасалатын шарлы, сұқпалы, тиекті, кері, гиперцентрлік және реттеуші қақпақшалар бар.
Кездесуде компанияның өңірдегі жер қойнауын пайдаланушы «Теңізшевройл» ЖШС, NCOC, КПО және «Силлено» ЖШС сияқты негізгі операторларда ресми біліктілік процесін сәтті аяқтағаны айтылды.
Талқыға салынған басты тақырыптардың бірі — жергіліктендіру стратегиясы. “AMPO Қазақстан” ЖШС өндірістік қуаттарды Атырау қаласындағы өз кәсіпорнының базасында дамытуға және өндірістің толық циклін қамтамасыз ете отырып, CT-KZ нысаны бойынша тауардың ресми сертификаттарын алуға ниетті. Компания белсенді түрде қолданыстағы нормативтерге сай жергілікті қамтуды есептеу әдістемелерін енгізуде.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті дамыта түсуге, жергілікті өндірісті кеңейтуге және Атырау облысында жаңа өнеркәсіптік бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін растады.









