360-тан астам маман жетім балалармен жұмыс істеу бойынша біліктілігін арттырды

    360-тан астам маман жетім балалармен жұмыс істеу бойынша біліктілігін арттырды

    Еліміздің 14 өңіріндегі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының 360-тан астам маманы балаларды сүйемелдеудің заманауи технологиялары бойынша оқудан өтті. Жыл соңына дейін бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінен 2 мыңға жуық маманды қамту жоспарланып отыр.

    Оқыту «Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында балалармен жұмыс істеудің заманауи технологиялары мен тәсілдері: Қазақстандағы SOS Балалар ауылдарының тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жүргізілуде. Бағдарлама Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асырылуда.

    Оқытуға педагогтер, тәрбиешілер, психологтер, әлеуметтік педагогтер, әдіскерлер мен ұйым басшылары қатысуда.

    Бағдарламаға жарақатқа бағдарланған тәсіл, кейс-менеджмент, отбасын қолдаудың экожүйелік моделі және баланың мықты қырларына негізделген әдістер секілді заманауи халықаралық тәжірибелер енгізілген.

    Зорлық-зомбылықтың алдын алуға, балалардың эмоциялық әл-ауқатын қамтамасыз етуге, сенімді қарым-қатынас орнатуға және кәсіби қабылдаушы отбасылармен тиімді өзара іс-қимыл жасауға ерекше назар аударылады.

    Бағдарламаны іске асыру мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыруға және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды сүйемелдеу сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі" жаңалықтары