
Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің 36-концерттік маусымының ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтіп, ұлттық өнерді ұлықтаған әсерлі кешке айналды.
Кеш шымылдығы ұлы күйші Дина Нұрпейісованың «Тойбастар» күйімен ашылды. Концертте Ахмет Жұбанов, Кенжебек Күмісбеков, Дина Нұрпейісова, Сейтек, Жантөре, Қаршыға Ахмедияров сынды қазақ өнерінің корифейлерінің шығармалары, сондай-ақ Илья Жақанов, Латиф Хамиди, Кеңес Дүйсекеев, Шөмішбай Сариев, Бәкір Тәжібаев, Ескендір Хасанғалиевтің әндері орындалды.
Оркестрдің толық құрамдағы орындауы, жеке әншілер мен қыздар ансамблінің шеберлігі, дирижер Болат Долдашев, Рахила Ерғалиеваның көркемдік шешімі кештің мазмұнын аша түсті. Әр шығарма халықтың тарихын, туған жерге деген сүйіспеншілігін және ұлттық рухын жеткізді.
Кеш Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен түйінделіп,
36-концерттік маусым асқақ рухпен ашылды.









