Тыл ардагерінің тағылымды жолы – жас ұрпаққа өнеге

    ·Жаңалықтар мұрағаты
    Тыл ардагерінің тағылымды жолы – жас ұрпаққа өнеге

    Қызылорда облысы Полиция департаменті Қазалы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері арасында аға буынның өнегелі өмір жолын таныстыру, олардың еңбегін насихаттау бағытында тағылымды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта Қазалы аудандық полиция бөлімінің отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция майоры Азиев Еркінбек өзінің атасы, тыл ардагері Әзиев Нұрадиннің (Нұраш) шаңырағына барып, бөлімнің жас қызметкерлеріне ардагердің өнегелі өмір жолын таныстырды. Әзиев Нұрадин 1936 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданына қарасты Майлыбас ауылдық кеңесінің «Бірлік» колхозында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған. Ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан Нұрадин Әзиевтің еңбегі еленіп, 1973 және 1976 жылдары «Еңбек ерлігі үшін» медальдарымен, сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған медальмен марапатталған. Кездесу барысында бөлімнің жас буыны ардагердің өмір жолымен, еңбек жолындағы жетістіктерімен, марапаттарымен және ел игілігі жолындағы еселі еңбегімен танысты. Ардагердің еңбек жылдарында алған медальдары мен төсбелгілерін көзбен көріп, тағылым алды. Мұндай кездесулер – аға буынның өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізіп, үлкенді құрметтеп, еңбекті бағалауға тәрбиелеудің маңызды үлгісі. Тыл ардагерінің тағылымды ғұмыры – кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге. Аға буынның еңбегін дәріптеу – жас ұрпақтың елге деген құрметін арттыратын құндылық.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары