
Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған «KITAP Time – 2026» V жалпы республикалық кітап фестивалі өтті.
Іс-шараның алғашқы бөлімінде жүргізушілер қонақтар мен кітапсүйер қауымды фестивальдің ашылуымен құттықтап, «KITAP Time» фестивалінің маңызы мен мақсатына тоқталды. Қатысушыларға қазақ әдебиетінің таңдаулы туындылары, әлем әдебиеті, балалар әдебиеті, ертегілер, мотивациялық және психологиялық бағыттағы кітаптар, сондай-ақ Жетісу облысының ақын-жазушыларының шығармаларынан жасақталған кітап көрмелері таныстырылды.
Фестивальге әдебиет пен журналистика саласының белгілі өкілдері қатысты. Атап айтқанда, абайтанушы, философия ғылымдарының докторы, теолог Досым Қайырбекұлы Омаров, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Нұрилә Дәнтайқызы Бектемірова, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі Жұмахмет Жанахметұлы Жайлаубаев, жазушы, «Janr» Жетісу әдеби клубының президенті Есболат Айдабосын, ақын Гүлбақыт Қасен, өлкетанушы, журналист Қажет Андас, сондай-ақ Жетісудың бірқатар ақын-жазушылары қатысты.
Фестивальдің алғашқы бөлімінде қонақтарға абайтанушы, философия ғылымдарының докторы, теолог Досым Омаров сөз сөйлеп, кітап оқу мәдениетінің маңызы, әдебиеттің қоғамдағы орны және рухани құндылықтар туралы ойымен бөлісті. Іс-шараның екінші бөлімі әдеби-шығармашылық бағдарламаға ұласты.
Бағдарлама барысында «Кейіпкерлер сөйлеген күн» атты шағын сахналық қойылым ұсынылды. Кітапхана қызметкерлері Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» және Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» шығармаларының желісі бойынша көрініс қойып, көрермендерге қазақ әдебиетінің көрнекті туындыларын сахналық түрде таныстырды. Одан кейін «Әдеби сұхбат» алаңы ұйымдастырылып, Жетісулық ақын-жазушылармен еркін форматта әңгіме жүргізілді. ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі Жұмахмет Жайлаубаев кітап пен кітапхананың журналистика саласындағы маңызы туралы ой бөлісті. Сонымен қатар жазушы, «Janr» Жетісу әдеби клубының президенті Есболат Айдабосын өзінің «Бүкір» атты жаңа туындысының жазылу тарихы, шығармада көтерілген мәселелер мен негізгі идеялары туралы әңгімеледі. Қаламгердің шығармашылығы мен әдеби жетістіктері жайлы да сөз қозғалды.
Қатысушылар «Артық кейіпкер» викториналық ойынына қатысып, әдеби шығармалардағы кейіпкерлерді ажырату, шығарманың атауы мен авторын анықтау арқылы өздерінің әдеби білімдері мен логикалық ойлау қабілеттерін сынады.
Келесі бөлімде «Поэзиялық батл» ұйымдастырылып, көрермендер өздеріне ұнайтын өлеңдерін көпшілік алдында оқып, поэзияға деген қызығушылықтарын танытты. Бұл бөлім қатысушылардың шығармашылық белсенділігін арттырып, әдеби орта қалыптастыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ «Кітапты тап!» атты викториналық сайыс өткізіліп, қатысушылар экраннан берілген шығарма оқиғалары мен сипаттамалары арқылы кітаптың атауы мен авторын анықтады.
Фестиваль барысында кітап көрмелері, әдеби сұхбат, сахналық қойылымдар, поэзиялық оқу және викториналық сайыстардың ұйымдастырылуы кітап пен оқырман арасындағы байланысты нығайтып, әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға ықпал етті.
«KITAP Time – 2026» V жалпы республикалық кітап фестивалі мазмұнды әдеби-шығармашылық бағдарламаға ұласып, кітапты насихаттау, оқырман мәдениетін қалыптастыру және отандық әдебиетті дәріптеу бағытындағы маңызды мәдени іс-шаралардың бірі болды.









