Қарағанды облысының 117 ауылында телемедицина қолжетімді

    Қарағанды облысының 117 ауылында телемедицина қолжетімді

    Қарағанды облысында бүгінде 117 ауылдық елді мекеннің тұрғындары телемедицина қызметін пайдалана алады. Бір жыл бұрын Шет ауданында пилоттық жоба ретінде басталған бастама қазір бүкіл өңірге таратылды. Ауыл тұрғындары бейінді маманның кеңесін алу үшін шалғайға қатынамайды. Ол үшін өз елді мекеніндегі медициналық ұйымға барса жеткілікті, ал дәрігер науқаспен бейнебайланыс арқылы байланысады.

    Телемедицинаны дамыту барысы туралы аппараттық кеңесте денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжебаев баяндады.

    Қарағанды облысының 117 ауылында телемедицина қолжетімді

    Телемедициналық желі жұмыс істей бастағалы 1,6 мыңнан астам адам консультация алып, медициналық тексеруден өтті. Бұл тек дәрігермен қашықтан сөйлесумен шектелмейді. Мамандар диагностикалық зерттеулер жүргізіп, олардың нәтижелерін бағалайды және аудандық дәрігерлермен бірлесіп, әрі қарайғы емдеу тактикасын айқындайды.

    – 14 мыңнан астам телемедициналық зерттеу жүргізілді. Олардың нәтижесі бойынша бірқатар науқас диспансерлік есепке алынды. Аудандық медициналық ұйымдардың облыстық көпбейінді ауруханалармен өзара іс-қимылы жолға қойылды. Консультациялар кардиология, хирургия және неврология, терапия, офтальмология, оториноларингология, инфекциялық аурулар, сондай-ақ балалар мен онкологиялық науқастарға медициналық көмек көрсету сияқты кең ауқымды бағыттар бойынша жүргізіледі, – деді Самат Кенжебаев.

    Қарағанды облысының 117 ауылында телемедицина қолжетімді

    Өңірде телемедицина жұмысын жедел басқару орталығы да құрылды. Ол желінің жұмысын үйлестіреді. Сонымен қатар облыстық медициналық ұйымдарда бейінді кабинеттер ашылған.

    Телемедицинаның тиімділігі әсіресе ауданда қажетті маман болмаған жағдайда айқын көрінеді.

    Мәселен, Бұқар жырау ауданында телемедицина қызметін 436 пациент пайдаланған. Оның ішінде 100-ден астам консультация облыстық мамандардың қатысуымен өткізілді. Нәтижесінде 34 адам диспансерлік есепке алынып, 29 науқас ем қабылдады, тағы 275 адам қосымша тексеруге жіберілді. Яғни пациент қай маманға жүгіну керектігін және әрі қарай не істеу қажет екенін анықтау үшін алдымен облыс орталығына баруға мәжбүр болған жоқ.

    Қарағанды облысының 117 ауылында телемедицина қолжетімді

    Қазір жобаға енгізілген 117 ауылдық медициналық нысанның барлығы телемедициналық кешендермен жабдықталған. Сонымен қатар қашықтан жүргізілетін зерттеулердің ауқымын кеңейту үшін медициналық ұйымдардағы жабдықтар 12 арналы ЭКГ аппараттарымен қосымша жарақтандырылып жатыр.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының әкімдігі" жаңалықтары