Ақтөбеде 100 бала «Қамқорлық» орталығында арнайы қолдау алып жүр

    Ақтөбеде 100 бала «Қамқорлық» орталығында арнайы қолдау алып жүр

    Ақтөбеде менталды бұзушылықтары бар мүгедектігі бар балаларға арналған «Қамқорлық» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы 100 балаға арнайы қолдау көрсетіп отыр.

    Орталық 2024 жылы ашылған. 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетіледі. Қазір орталыққа 100 бала екі ауысым бойынша қабылданады.

    Мұнда әр балаға жеке тәсіл қарастырылған. Балалардың қабілеттерін дамыту және әлеуметтік ортаға бейімдеу мақсатында емдік дене шынықтыру, робототерапия, АВА-терапия, арт-терапия, сенсорлық интеграция және музыкалық терапия сабақтары өткізіледі.

    Орталықта балалардың шығармашылық және еңбек дағдыларын дамытуға арналған тігін, қыш және ағаш ұстасы шеберханалары бар. Сондай-ақ проекциялық және сенсорлық кабинеттер жұмыс істейді.

    Кешенді қолдауға невропатолог, психиатр, психолог, реабилитолог, массажист, логопед және дефектолог мамандары қатысады. Мамандар баланың жеке қажеттілігіне қарай тиісті қызмет түрлерін ұсынады.

    «Қамқорлық» орталығында әлеуметтік қызметтер сегіз бағыт бойынша көрсетіледі. Олар – әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық қолдау.

    Орталықтың материалдық-техникалық базасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жобаны «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорлары толық қаржыландырды.

    «Қамқорлық» орталығының жұмысы ерекше балалардың әлеуетін ашу, күнделікті дағдыларын қалыптастыру және қоғамға бейімделуіне бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары