
Саран қаласындағы №17 гимназияның аумағында FIFA Quality PRO стандартына сәйкес келетін жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді. Мұнда Қарағанды облысындағы ірі футбол нысандарында қолданылатын деңгейдегі жасанды жабын төселген. Жаңа алаң ALGA! жобасы аясында салынды.

Енді мектеп оқушыларының жаттығуы мен жарыстар өткізуіне арналған шағын стадионы бар. Футбол алаңы арнайы қоршаумен қоршалып, көрермендерге арналған трибуналармен және жарықтандыру жүйесімен жабдықталған. Бұл жерде күндіз ғана емес, кешкі уақытта да жаттығуға мүмкіндік бар.

Бұл – облыста мектеп оқушылары үшін FIFA Quality PRO деңгейінде салынған алғашқы футбол алаңы.

Сарандағы жасанды жабын FIFA Quality PRO санатына жатады. Дәл осындай жабын Абай қаласындағы «Жігер» және Қарағандыдағы «Локомотив» стадиондарында да бар. Аталған екі нысан биыл Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының қолдауымен қайта жаңғыртылды. Осы үш нысанға Freedom компаниясы салған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 1 млрд теңгені құрады.
Осылайша, мектеп оқушылары кәсіби футболда қолданылатын деңгейдегі алаңда жаттығу мүмкіндігіне ие болды.
Жаңа нысан өңірдегі мектеп футболының инфрақұрылымын одан әрі дамытуға бағытталған жобаның бір бөлігі болмақ. QOFA жобаға қатысатын мектептер үшін осындай форматтағы тағы алты футбол алаңын салуды жоспарлап отыр.
Жоба Freedom компаниясы мен Қарағанды облысының әкімдігі арасында жасалған, 2029 жылға дейінгі ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылуда.
Биыл QOFA «Шахтер» стадионының аумағында орта форматтағы футбол манежін салуға, сондай-ақ стадионды UEFA-ның 4-санатына дейін қайта жаңғыртуға қажетті жобалық-сметалық құжаттаманы әкімдікке өтеусіз береді.
Меморандумға сәйкес, 2029 жылға дейін жыл сайын Теміртау, Балқаш, Саран, Абай, Шахтинск, Шахан және Приозерск қалаларында жаңа футбол нысандары бой көтереді.









