
Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған іс-шаралар аясында «Мемлекеттік тіл – ғылым мен білімнің тұғыры» атты республикалық тілшілер форумы өтті.
Форумға ғалымдар, тіл мамандары, педагогтер, әдіскерлер мен тіл жанашырлары қатысып, мемлекеттік тілді дамытудың өзекті мәселелерін, қазақ тілін оқытудың заманауи тәсілдерін және білім беру үдерісінде жаңа технологияларды тиімді пайдалану жолдарын талқылады.
Форум аясында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тіл оқытуда қолдануға арналған көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ форум барысында тіл мен білім саласының дамуына үлес қосқан азаматтарға облыстық және министрлік деңгейдегі марапаттар табысталды.
Форумның «Ойталқы» бөлімінде Астана және Алматы қалаларынан келген белгілі ғалымдар мен сала мамандары пікір алмасты. Олардың қатарында академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Наурызбайқызы Мұқышева, әдіскер Ердігүл Дәдібасқызы және «Qazline» платформасының негізін қалаушы Динара Еселбай болды.
Форумның практикалық бөлімі Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте жалғасты. Форум қатысушылары төрт секцияға бөлініп, жасанды интеллектті тіл оқыту үдерісіне енгізу, тілдік дағдылар мен оқу сауаттылығын дамыту, қазақ тілі мен әдебиетін оқытуды жаңғырту мәселелерін талқылады.
Форум барысында айтылған пікірлер мен ұсыныстар мемлекеттік тілді оқыту сапасын арттыруға, цифрлық технологияларды тиімді пайдалануға және қазақ тілін ғылым мен білімнің негізгі тетіктерінің бірі ретінде дамытуға бағытталды.









