
Полиция қызметкерлері мотокөлік құралдарының жүргізушілері тарапынан Жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау бойынша рейдтік іс-шараларды жалғастыруда. Негізгі міндет – құқық бұзушылықтарды уақтылы анықтап, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жол бермеу.
Мәселен, Ақтоғай ауданында жүргізілген рейд барысында Мүткенова ауылында полиция қызметкерлері LTM200-M9 және Sonlink маркалы екі мотоциклді тоқтатты. Приреченск ауылында Sonlink мотоциклінің жүргізушісін тексеру кезінде көлік құралының тіркелмегені, ал жүргізушінің оны басқару құқығы жоқ екені анықталды.
Харьков ауылында LTM 150 және LTM 200 маркалы тағы екі мотоцикл анықталды. Қожамжар ауылында полицейлер LTM 200 маркалы мотоциклді тоқтатты. Оның да тіркелмегені, ал жүргізушінің көлік құралын басқару құқығы жоқ екені белгілі болды.
- Барлық фактілер бойынша құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлік құралдары арнайы айып тұрағына қойылды. Жыл басынан бері барлығы 234 бірлік мотокөлік арнайы айып тұрағына орналастырылды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.
Полицейлер жүргізушілерге көліктің тиісті санатын басқару құқығының болуын, көлік құралын уақтылы тіркеуді және Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаудың қажеттігін еске салады.








