Қысқа жауап:
Тауардың ерекшелігіне байланысты мақсатты тағайындауды растауды Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары береді.
Толық жауап:
Евразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2021 жылғы 14 қыркүйектегі № 80 «Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай Тауар номенклатурасын және Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифін бекіту туралы, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу және олардың күшін жою туралы» шешіміне, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссияның жекелеген шешімдеріне сәйкес, жекелеген тауарларға қатысты кедендік-тарифтік реттеудің ерекше шаралары қарастырылады. Бұл шаралар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарына уәкілетті органдар берген тауарлардың мақсатты тағайындалуын растау ұсынылған жағдайда қолданылады.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 30 наурыздағы № 125-НҚ бұйрығымен тауарлардың мақсатты тағайындалуын растау қағидалары мен нысаны (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілді. Аталған Қағидалар әмбебап болып табылады және төмендетілген кедендік баж мөлшерлемелерін қолдану мақсатында әкелінетін тауарлардың мақсатты тағайындалуын растау беру тәртібін реттейді.
Осылайша, әкелінетін тауарлардың мақсатты тағайындалуын растау беру тауардың түрі мен қолдану саласына байланысты салалық мемлекеттік органдармен жүзеге асырылады.
Қағидаларға сәйкес әкелінетін тауарлардың мақсатты тағайындалуын растауды алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға тауарды әкелу жүзеге асырылатын шарттардың көшірмелерін, сондай-ақ әкелінетін тауардың сәйкестігі туралы сипаттаманы ұсынады.
Мысал.
Евразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2026 жылғы 30 қаңтардағы № 17 шешімімен Қазақстан Республикасына мыс штейнін бажсыз әкелуге тарифтік жеңілдік берілді.
Бұл ретте баж төлеуден тек өнеркәсіп саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен мақсатты тағайындалуын растауы бар кәсіпкерлік субъектілері ғана босатылады.
Мыс штейнін әкелуге мақсатты тағайындауды растауды алу үшін E-otinish платформасы арқылы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өтінім жолдап, шарттардың көшірмелерін және тауардың сәйкестігі туралы сипаттаманы қоса беру қажет.
Өтінімді заңнамада белгіленген мерзімде қарағаннан кейін уәкілетті орган тиісті шешім қабылдайды.
https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2300032184