Егер ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары белгіленген тәртіппен верификация рәсімінен өткен болса, онда оларды түпкілікті пайдаланушы үшін тіркеу Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің м.а. 2018 жылғы 23 мамырдағы № 226 бұйрығымен бекітілген Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын тіркеу қағидаларын бекіту туралы (бұдан әрі-қағидалар) сәйкес жүзеге асырылады. Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын тіркеу (қайта тіркеу) үшін оның иеленушісі қызмет көрсетудің автоматтандырылған жүйесі арқылы не оған қызмет көрсететін ұялы байланыс операторының кеңсесіне жүгініп, мынадай:
1) ЖСН (жеке тұлға үшін) немесе БСН (заңды тұлға үшін);
2) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының сәйкестендіру коды;
3) ұялы байланыстың тіркелетін абоненттік құрылғысында пайдаланылатын абоненттік нөмірлер туралы мәліметтерді ұсынады. Егер Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді жүзеге асыратын кәсіпкерлер верификация рәсімінен өтпеген жағдайда, ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы "сұр тізімге" енгізіледі, бұл ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы ұялы байланыс операторының желісіне бастапқы қосылған сәттен бастап күнтізбелік 30 күнге дейінгі мерзімге ұялы байланыс қызметтеріне уақытша қол жеткізуді ұсынады.
"Сұр тізімге" енгізілгеннен кейін ұялы байланыс операторы абоненттік құрылғының иесіне ұялы байланыс қызметтеріне уақытша қол жеткізуді ұсыну және оны Қазақстан Республикасының ұялы байланыс желілерінде пайдаланудың заңдылығын растайтын мәліметтерді ұсыну қажеттігі туралы хабарлайды.