Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 25 сәуірдегі № 140 бұйрығымен бекітілген Шикі газды факелде жағуға рұқсат беру қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 14-15-тармақтарымен өтініштерді қараудың тәртібі келесідей анықталады:
1) шикі газды факелде жағуға рұқсат беру алу рәсімдерін жүзеге асыру кезінде рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны беруге өтініш берушінің құжаттарын алған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың және (немесе) мәліметтердің толықтығын тексеріледі. Өтініш беруші құжаттардың толық емес топтамасын ұсынған жағдайда, рұқсат беру органы екі жұмыс күні ішінде өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тартуды жолдайды.
2) Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың және (немесе) мәліметтердің толық топтамасын ұсынған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші алты жұмыс күні ішінде олардың Қағидалардың талаптарына сәйкестігін қарайды.
Ұсынылған мәліметтер дұрыс болған және олар Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші Қағидаларға 1 қосымшаға сәйкес нысан бойынша рұқсат немесе Қағидалардың 15 тармағында көрсетілген негіздер бойынша Қағидаларға 4 қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тартуды дайындайды.
Рұқсат немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту портал арқылы көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетіне» көрсетілетін қызметті берушінің жауапты құрылымдық бөлімшесі басшысының ЭЦҚ-мен қойылған электрондық құжат нысанында жіберіледі.