Электрондық шот-фактураларды және тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу кезінде мотор майларын таңбалау кодтарын көрсету міндетті ме?
Қазіргі уақытта электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) ресімдеу кезінде таңбалау кодтарын көрсету міндеті де, қажеттілігі де көзделмеген. Уәкілетті мемлекеттік органдар бұл тәсілді 2027 жылғы 1 ақпаннан бастап қадағалау тетіктері толық көлемде енгізілгеннен кейін де сақтауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, Тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу және олардың құжат айналымы қағидаларына (Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің м.а. 2025 жылғы 31 қазандағы № 657 бұйрығымен бекітілген) сәйкес таңбаланған тауарлар туралы мәліметтерді тауарларға арналған ілеспе жүкқұжатқа (ТІЖ) міндетті түрде енгізу көзделген. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден өнім импортталған кезде айналымға қатысушы мотор майларының қозғалысын ТІЖ арқылы ресімдейді және импортталатын тауарға жағылған барлық сәйкестендіру құралдарын (таңбалау кодтарын) міндетті түрде көрсетеді.